Александр Винокуров "Астана" велоқұрамасының жетістіктері туралы айтты
2018 ж. 16 сәуір
2652
2
"Амстел Голд Рэйс" веложарысында жеңіске жеткен "Астана" велоқұрамасы қазақстандық жанкүйерлерді тағы бір қуантты.
"Астана" Президенттік клубының құрамына кіретін "Астана" велоқұрамасының шабандозы Михаэль Вальгрен еліміздің қоржынына осы маусымдағы оныншы жеңісті салды.
Олимпиада чемпионы, әрі құраманың бас менеджері Александр Винокуров Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында велоқұраманың жетістіктері туралы өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.
- Кеше керемет жарыс болды. Сайысқа әлемнің үздік шабандоздары қатысты. Бұл жеңіс "Астана" құрамасының жоғары деңгейлі клуб екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, - деді Винокуров сұхбат барысында.
Оның сөзінше, "Астана" құрамасы осы маусымды өте сәтті бастады.
- Біз маусымды өте жақсы бастадық, қаңтар айында оқу-жаттығу жиындарында тамаша жұмыс жасадық. Бұл команданың жаттықтырушы құрамының, спорт директорларының, шабандоздардың өздерінің еңбегі. Бірнеше ай бұрын біз қазақстандық шабандоз Алексей Луценконың беделді Оман Турындағы жеңісін тойладық. Жақында Руслан Тілеубаев Малайзиядағы жарыста бірінші болған еді. Біздің сапымызға жаңадан қосылған Евгений Гидич те сол Малайзияда үздік нәтиже көрсетті. Луценко мен Андрей Зейц атты шабандоздарымыз қазір Джиро д’Италия гранд-турында Қазақстан намысын қорғауға дайындалып жатыр. Осының барлығы ұзақ жылғы мемлекеттің көмегінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл құрама біздің Президентіміздің жеке бастамасымен құрылған болатын, сондықтан, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік, - деді Олимпиада чемпионы.