Амандық Баталов футболшылармен кездесті
2018 ж. 26 наурыз
6800
1
Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Жетісу» КФК футболшыларымен, жаттықтырушыларымен кездесті. Кездесу барысында облыс әкімі команда футболшыларын өткен кезеңдегі сәтті қадамдарымен құттықтап, алдағы уақытта да жанкүйерлерін жарқын жеңістермен қуандыра берулеріне тілектестігін білдірді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- «Жетісу» - тарихы терең, өзінің қалыптасқан дәстүрі бар, базасы бар команда. Команданың құрамы жаңа, жаттықтырушылар да жаңарды. Біз өз тарапымыздан қаржыландыру мәселесін толық шештік, сіздер тәжірибе жинау үшін құрамаға қатысуға қажетті қолдауларды көрсетіп отырмыз. Инфрақұрылым мәселесін де толық шешетін боламыз. Өткен жылғы міндеттерді нәтижелі орындадыңыздар. Бұл жемісті жұмыс - бірлескен істің қорытындысы. Қазір Премьер-лига командалары арасында футболдан ел Чемпионаты басталды. Жанкүйерлер осы жаңа кезеңде де сіздерден көрнекті ойын күтеді. Көп нәрсе сіздердің көңіл күйлеріңізге, тәжірибелеріңіз бен ерік-жігерлеріңізге байланысты, - деді А. Баталов спортшыларға қарата.
Сөз алған команданың бас жаттықтырушысы Дмитрий Огай облыс басшылығына спортшыларға көрсеткен қолдау шаралары үшін алғысын білдіріп, бүгінгі күні «Жетісу» футбол командасында ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Команданың көңіл күйі де, моральдық-психологиялық климаттың да жақсы екенін жеткізді.
- Бізге үнемі қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасап отырсыздар. Біз өз тарапымыздан алға қойған міндеттерді, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді салатын боламыз, - деді Д. Огай.
Команда капитаны Серік Сағындықов ойыншылар атынан алдағы сайыстарда жанкүйерлерді қуантуға барын салатындарын айтты.
Кездесу соңында команданың барлық мүшелері мен жаттықтырушыларға сәттілік тілеген облыс әкімі А. Баталов жеңіске жетуге футболшылардың барлық мүмкіндіктері бар екенін еске салып: «Футболға салған қаржы, барлық күш-жігеріміз, бен талпыныстарымызды ақтаңыздар, сіздерді зор сенім үдесінен шығады деген ойдамыз», - деді.
Мұнан кейін команда атынан облыс әкіміне клубтың 7-ші нөмірлі футболкасы мен футбол добы ұсынылды.