Пхенчханда алтын алған Динара Әлімбекова туралы не білеміз?
2018 ж. 24 ақпан
13645
11
Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында қазақ қызы Динара Әлімбекова алтын медаль алды. Ол Беларусь құрамасы сапында биатлоннан 4х6 шақырымдық әйелдер эстафетасының жеңімпазы атанды. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы кім? Қайда туып-өсті? Қандай адам? Qamshy.kz ақпарат агенттігі ашық дереккөзден алынған мәліметтерді ұсынады.
Қазақ текті беларус қызы
Динара Әлімбекова 1996 жылы Қарағанды облысындағы Абай қаласында дүниеге келген. Үш жасында ата-анасымен Беларуське қоныс аударған. Әкесі – қазақ, анасы – беларус (кейбір деректерде орыс). Өзінен кейін Евгений және Ульяна есімді інісі мен сіңлісі бар. «Менің саналы ғұмырым Беларусьте өтті. Өзімді жүз пайыз беларус қызымын деп санаймын», – дейді Динара.
Беларусь президенті Александр Лукашенко биатлон эстафетасында жеңіске жеткен Динара Әлімбекова, Надежда Скардино, Дарья Домрачева, Ирина Кривконы «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапаттау туралы қаулыға қол қойды.
Динара Әлімбекова – Беларусь Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2015 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан.
Фортепианода ойнайды, сноубордпен сырғанайды
Динара Әлімбекова халқының саны 10 мыңнан сәл-ақ асатын Чаусы қаласында өсті. Хореографиямен айналысып, өнер мектебіндегі фортепиано сыныбында оқыды. 11 жасында алғаш рет аяғына шаңғы киді. «Спортқа жан-тәніммен берілгенім соншалық, сабақтан гөрі жаттығуды жақсы көретінмін», – дейді Динара. Басында бәріне үлгеруге тырысып, спорт жарыстарына да, музыка байқауларына да қатысатын. Кейін биатлонға біржола ден қояды.
Отбасында спортшылар жоқ. «Атам ғана салауатты өмір салтын ұстанады, қыста жалаңаяқ жүгіріп шынығады», – дейді Динара. Өзі коньки мен сноубордқа қызығады. Адреналинге жаны құмар.
Жоғары білімді биатлоншы
22 жастағы Динара Әлімбекова – жоғары білімді биатлоншы. Беларусь мемлекеттік дене шынықтыру университетінің Шаңғы спорты және биатлон кафедрасында оқыған. Аталмыш оқу орнын 2017 жылы бітіріп шыққан.