«АРЛАНДАР» АЛЫСҚА ШАБАДЫ
2018 ж. 23 ақпан
5301
0
Қазақ футболының бүгінгі хал-ахуалы көңіл көншітпейтіні бәрімізге мәлім. Осынау олқылықтың орнын толтыру жолында ел көлемінде көптеген істер атқарылуда. Солардың бірі – алысқа көз тіккен «Арландар» футбол клубының қарқынды істері.
Күні бүгінге дейін де бірқатар белестерді бағындырып үлгерген «Арландар» клубы наурыз айының 22-23 жұлдызында Arlandar Cup атты футболдан республикалық турнир өткізбек. Бұл турнирдің ерекшелігі – турнир барысында үздік деп танылған 15 ойыншыға Португалияда өтетін турнирге жолдама берілмек.
«Турнирді ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – Қазақстандағы талантты балаларды іріктеп, Португалиядағы УЕФА турниріне апару. Осы турнирді өткен жылы өмірден өткен Болат Пірімбетов ағамның рухына арнағым келеді. Тірі болғанда биыл 40 жылдығын атап өтер едік…
Футболшыларды турнирге қатыстырып қана қоймай, сол жердегі футбол клубтары мен академияларының тесттерінен өткізу. Түрлі сынақтардан өткізу арқылы академияға оқуға түсуге мүмкіндік туғызу. Сонымен қатар футболшы ретінде Португалияда қалдырудың жолдарын қарастыру. Бұл қадамдардың барлығы өз кезегінде жас футболшыларымыздың шеберліктерін одан әрі шыңдауға жол ашпақ», – дейді «Арландар» клубының президенті Фазылбек Әбсаттарұлы.
Футболдың басы-қасында жүрген клуб жетекшісінің айтуынша, біздің балалардың қабілеті әлемдік деңгейдегі футболшылардан бір мысқал да кем емес екен. Тек бұл тұрғыдағы жұмыстарды жандандыра түсу арқылы дарынды балалардың қабілетін одан әрі жетілдіре түсу керек.
«Дегенмен бұл оңай жұмыс емес. Мәселен, Португалияда 5 жасынан жүйелі түрде, әлемдік стандартпен футбол үйренген 17 жастағы футболшыға қарсы біздің 17 жастағы футболшының бәсекелес болуы мүмкін емес. Жабық стадионы жоқ, қыстың күндері 4-5 ай футзалда доп тепкен біздегі футболшының, Португалияда жыл 12 ай стадионда жаттыққан футболшыға қарсы тұруы қиын. Тек таланттылар ғана топ жаруы мүмкін.
Осындай мәселелермен бетпе-бет келетінімізге қарамастан біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Португалияға футболшы апаруға мүмкіндік тауып отырмыз. Ал түпкі мақсатымыз – Португалияда футболшылар дайындау, – дейді «Арландар» клубының президенті Фазылбек Әбсаттарұлы.
«Шет елдерде футболшы дайындаудың елімізге берері не?» деген сауалымызға: « – Португалиядағы әріптестерімізге футболшыларымызды жіберіп, кемінде екі жылдың ішінде әлемдік деңгейдегі спортшы даярлау. Нәтижесінде, жыл сайын орташа есеппен 150 млн. доллар шығындап жатқан бюджет қаржысы үнемделеді. Сондай-ақ бұл қаражаттың көбі легионерлер арқылы шетелге кетіп жатыр. Ал біз осы қаржыны өз экономикамыз үшін жұмсауға күш салуымыз керек. Барлық өлшемдер бойынша Португалия әлемнің футбол көшін бастап тұр. 2017 жылғы ФИФА-ның рейтингі
бойынша Португалия 3-орын, Қазақстан – 136-орыннан көрінді. Осы көрсеткішті алға жылжыту жолында бар күш-жігерімізді аямауға тиістіміз. Қазіргі таңда халықаралық жарыстарда түсінбестік туындамас үшін «Арландар» футбол клубының жаттығулары ағылшын тілінде өтетіндігін айта кеткеніміз артық болмас.
Әлемдік деңгейде дайындаған бұл футболшыларымыз жас мөлшері жетіп, құрамдағы ойынды доғарған соң шәкірттер тәрбиелейтіні, клубтарды жаттықтыратыны сөзсіз. Осылайша Қазақ футболы даму жолына түседі», – деп жауап берді клуб президенті.
Елбасымыздың өзі тілге тілге тиек еткен дамыған отыз елдің қатарынан көріну үшін біз барлық саланың қарқынды дамуына әрқайсымыз лайықты үлес қосуымыз қажет.
«Арландардың» алар асуы мен бағындырар биігі алда екеніне сенімдіміз.
2015 жылы «Ақмешіт» аула калубы ретінде құрылып, «Junior» аула лигасында ойнады. 2016 жылы «Арландар» футбол клубы ретінде тіркелді. 2017 жылы Португалияда өткен Вraga Cup турниріне қатысты. AlaskaCup турниріне қатысып 2-ші орын алды.Volswagen Cup турнирінің Германияға іріктеуіне қатысты. Жыл сайын Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтетін Астана біріншілігіне қатысып келеді. 2017 жылдың 29 қазан-5 қараша аралығында «Күзгі каникуль» халықаралық турниріне қатысты. Қазіргі күні Қазақстанның Əуесқойлар футбол лигасында ойнап жүр. Сондай-ақ 17 жастан асқан талантты футболшыларды Португалияға жіберумен айналысады.
Гүлмира САДЫҚ,
Қазақ үні