Италия полицейлері қазақстандық биатлоншылардан заңсыз препарат таппады
2018 ж. 22 қаңтар
5470
0
ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Италияға барған қазақстандық биатлоншыларға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БАҚ-та шыққан Әлем кубогына қатысу үшін Италияға барған қазақстандық биатлоншыларды италиялық құқық қорғау қызметкерлері тексерді деген мәліметті ескере отырып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті қазақстандық спортшылардың - допингтен «таза» екендігін ресми түрде хабарлайды», делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Комитеттің хабарлауынша, іздеу шаралары кезінде, италиялық полицейлер отандық спортшылардан ешқандай да заңсыз дәрі-дәрмек таппаған.
«Іздеуден соң, италиялық полицейлердің қазақстандық спортшыларға тағатын ешқандай кінәсі жоқ екендігі туралы хаттама толтырылған. Халықаралық биатлонистер одағы қазақстандық әріптестеріне барлық жағдайды уақытында хабарлап отырған», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 21 қаңтарда италиялық полицейлер Антхольцта өнер көрсетіп жатқан биатлоннан Қазақстан құрамасының орналасқан мекен жайында тінту жүргізген. Полицейлер тыйым салынған препараттарды іздеген.