МЕЙІРІМ НҰРСҰЛТАНОВ ӘЛЕМДЕГІ ҮЗДІК ЖҮЗ БОКСШЫНЫҢ САПЫНДА
2017 ж. 30 қараша
5310
1
Нью-Йорктегі Madison Square Garden-дегі бокс турнирінде қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (5-0, 4 КО) американдық Эрик Мунды (7-1, 6 КО) жеңді. Бұл жеңіс Нұрсұлтановтың BoxRec.com беделді сайтының рейтингісінде өз позициясын жақсартуға мүмкіндік берді. Орта салмақтағы қазақстандық боксшы 120-орыннан 92-орынға көтерілді.
Жастар құрамасынан ересектер арасына өткеніне көп уақыт өте қоймаса да, Нұрсұлтанов өзінің мықтылығын сан мәрте дәлелдеген боксшы.
Мейірім «Астана арландарының» бұрынғы боксшысы Мерей Ақшаловтың туған інісі. 1993 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Бокс әліппесін он жасынан меңгере бастаған. Қазір Астана қаласындағы Сәкен Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде экономика саласы бойынша үшінші курстың студенті. Алғашқы да бүгінгі де бапкері – белгілі жаттықтырушы Жанат Манашев. 2008 жылы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды. 2010 жылы Иранның Тегеран қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында еліміздің балғын боксшылары 4 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынды иеленіп қайтты. Тегеранда топ жарған төртеудің арасында Мейірім Нұрсұлтанов та бар-ды. Тәжірибелі өзбекстандық Акрам Мамаджановты финалда ұтып Азия чемпионы атанды.
Жастардан ересектер рингіне өткен Мейірім ешкімнен жасқанар емес. Жеңіс жолың жалғаса берсін!
qazaquni.kz