Демеу ЖАДЫРАЕВ, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
2017 ж. 30 қараша
3784
0
– Демеу әңгімемізді өзіңіздің, туған жеріңіз бен өскен ортаңыздан бастасақ...
– Мен 1989 жылы 2 қарашада Алматы облысы Жаркент қаласы Үшарал ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы №31 орта мектепте оқып білім алдым. Күреске деген қызығушылығым 4-5 сынып оқып жүрген тұста басталды. Ең алғашқы бапкерімнің аты-жөні – Тұранбек Жұмаханов. Отбасында бес ағайындымын. Өзім үйдің кенжесімін. Менің алдымда әпкем және үш ағам бар.
Сегізінші сыныпқа дейін ауылдағы мектепте білім алдым. Бапкеріміз Тұранбек ағай, сол бір жылдары мектептегі күрес өз жұмысын тоқтатуына байланысты қалаға кетуге шешім қабылдады. Біраз балаларды өзімен бірге ерте кетті. Сөйтіп Талғат Баймұханов деген сыныптасым екеуміз бапкеріміздің қолдауымен Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқуға түстік. Аталмыш оқу ордасын 2007 жылы үздіктер қатарында бітіріп шықтым.
– Бұл спорт мектебі осы салаға деген қызығушылығыңызды еселеп арттырған болар...
– Әрине, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Мектеп инернатта оқушылар үшін барлық жағдай жасалған-ды. Оның үстіне арнайы режимге дағдыланып, спортпен тұрақты түрде айналыса бастадық. Өзімізбен қатарлас жаңа достар тауып, бір-бірімізбен білгенімізді бөлісіп, одан әрі шыңдала түстік. Барлығымыз бір үйдің баласындай тату-тәтті боп жүретінбіз. Үйімізге тек әрбір тоқсан аяқталған тұста ғана баратынбыз. Әсіресе біздің мектеп-интернаттың бір оқушысы қандай да бір жарыстардан жеңімпаз атанса, қатты қуанатынбыз. Тіпті барлығымыз бірдей бірыңғай форма киіп жүлдегерді алаңнан қарсы алатынбыз. Осынау мектепте бізге Берік Жапсарбаев атты бапкеріміз біліктілігімізді арттыруға мол үлесін қосты.
Әрі мұнда спорттың басқа да түрлерімен танысуға мүмкіндік алдық. Балалық шағымның ең бір жарқын көріністері осы жерде өтті десем артық айтқандық емес. Мұндағы мамандар бізді жетістіктерге жетеледі. Осы спорт мекебінде оқып жүріп, Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионы атандым.
– Грек-крим күресін таңдауыңызға не түрткі болды?
– Шындығын айтсам, менде таңдау мүмкіндігі болған жоқ. Неге десеңіз, біздің ауылда балалар үшін дәл осы грек-рим күресінен ғана жаттығу жұмыстары жүргізілетін. Ауылда алысып, аунап-қунап өскен бала болғандықтан күресуге өзім де біртабан жақын едім. Оның үстіне бауырларымның дені ер бала. Сондықтан көп алысып ойнадық. Үйде Дәулетхан есімді кіші әкем(әкемнің інісі) бауырларымыздың барлығын қатар тұрғызып қойып күрестіретін. Ол кезде ережеге аса бір қатты мән бере бермейміз. Десек те, осы бала күнгі белдесуіміз мені ауылдағы жаттығу залынан бірақ шығарды. Грек-крим күресі – бұл спорттың классикалық түрі болып саналады. Әуел баста күрестің бұл түрімен француз халқы күрескен деседі. Кейін КСРО тұсында грек-рим күресі классикалық күрес деп аталыпты. Ең басты ерекшелігі – бұл күресте аяқтан шалу жоқ. Барлық әдіс-тәсіл денемен байланысты. Әрі спорттың ең қиын түрі. Қазақтың мақтан тұтар спортшылары әрі ардақты азаматтары Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Серік Қонақбаев, Шәміл Серіковтердей болуды армандағандықтан спорттың дәл осы түрін таңдадым
Ауылда негізінен қара күштің иесі болған балуандар өте көп еді. Көпшілігі ауылдың шаруасымен үлкен қалаға қолдары жете алмай, қалып қойды. Менің алдымда арқасүйер ағаларым болғандықтан, менің алаңсыз жаттығумен айналысуыма жағдай жасады. Жауын жауса да, қатты жел тұрса да мен ештеңеге қарамастан жаттығу залынан табылатынмын. Қойдың кезегіне шығу, қораны тазалау сынды шаруалардың бәрі сол бауырларымның мойнына артылатын. Спортпен бала кезден тұрақты түрде айналысуыма мүмкіндік берген, Алматыға кетемін дегенде де ақ жол тілеп шығарып салған, қашан да биіктен көрінсін деп тілекші болып жүретін ағаларыма айтар алғысым зор.
– Білуімізше бір емес, екі бірдей жоғары оқу орнын тауысқансыз...
– Иә, 2007 жылы алғаш Алматыға табан тіреп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің география және экология мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды 2011 жылы аяқтап, диплом алып шықтым. Бірақ бұл бағытта әрі қарай жұмыс істеуге құлшынысым болмады. Бәрібір көкейімде кәсіби спортшы болсам деген асқақ арман тұрды. Сол арман мені Қазақтың спорт және туризм академиясына жетелеп әкелді. Сол жылы қайтадан талапкер атанып, сынақ тапсырып, спорт академиясының Грек-рим күресі мамандығына қабылдандым. Сөйтіп спорттың ауылына қайтадан ат басын бұрдым.
– Жеткен жетістіктеріңізбен оқырман қауым таныса отырса...
– Мен өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атандым. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубында әскери борышымды өтеу барысында 2016 жылы әскерилер арасындағы Әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдегер атандым. Сондай-ақ, осы жылы Студенттер арасындағы Әлем чемпионатында жүлделі 2-ші орынға қол жеткіздім. Ең үлкен жеңісім – 2017 жылы Париж төрінде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғаным. Осыдан кейін маған ҚР-ның Еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді. Әзірге жетістіктеріміз сатылап көтеріліп келе жатқан секілді. Алтын алып, асуларды бағындырар сәттеріміз алда деп ойлаймын.
– Жеңіс тұғырынан көріну жолында төгілген тер де аз болмаған шығар...
– Әрине, қай салада болсын жеңіс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Ал, спорттың жөні бір бөлек. Бұл жеңістің артында қаншама еңбек пен төгілген тер жатыр. Осыған дейін қаншама оқу-жаттығу жиындарына қатысып, шеберлігімізді шыңдау жолында тер төктік. Дене жарақатын алу, ауырсыну секілді түрлі жағдайлармен бетпе-бет келуге де тура келді. Яғни, бір сөзбен айтқанда спорт ер азаматқа тән табандылықты талап етеді. Сондай-ақ, алдыңнан кезіккен барлық кедергілерге қасқайып қарсы тұра білуің керек. Халықаралық додаларға қатысудың өзіндік талап шарттары бар. Көбінде талапқа сай дайындық жүргізу үшін туған елден жырақта жүруге тиіссің. Жалпы айтқанда алдыңа қойған айқын мақсатқа жету жолында ештеңеден тайсалмауың керек.
– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, сіздің биіктен көрінуіңіз жолында тер төгіп келе жатқан бапкеріңіз туралы да тілге тиек етсеңіз...
– Он жылдан бері дайындап келе жатқан жеке бапкерім Қоңырат Боранбек. Менің күрестен қол үзіп кетпеуіме септігін тигізіп, қай кезде де мені жігерлендіріп отырды. Өзінің өмірден түйген тәжірибесімен бөлісіп, менің спорт саласында шыныға түсуіме ықпал етті. Жоғарыда атап өткенімдей 4 жыл бойы өзге сала бойынша жоғары білім алдым. Сол бір кездерде де спортты жаныма айнымас серік ете білдім. Осы жолда өзінің ақыл-кеңесін аямаған Қоңырат ағамызға айтар алғысым шексіз.
– Өзге елдерде өткен оқу жаттығу жиындарынан қандай ой түйдіңіз?
– Парижде өткен Әлем чепмпионатының алдында Грузия, Беларусь елдерінде өткен оқу жаттығу жиындарына қатыстық. Грузия таулы аймақта орналасқандықтан, ауасы өте таза. Сондықтан болса керек, грузин балуандары физикалық тұрғыдан мықты. Сондай-ақ, олар спортшылардың тамақтануына өте жоғары көңіл бөледі. Спортшылардың біліктілігіне сай тапсырылған арнайы жүктемеден кейін қайта қалпына келуі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасу арқылы түрлі әдіс тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік алдық.
Белорусьте өткен оқу жаттығу жиындарының да біздер үшін берері мол болды. Мұнда біз Швеция, Армения, Финляндия елдерінің балуандарымен кездесіп, сан түрлі әдіс-тәсілдерді көріп білдік. Олардың бір ерекшелігі дайындық жұмыстарының дені бозкілемде өтетіндігінде. Оның үстіне дайындық жұмыстарының барлығы әлемге аты әйгілі балуандармен бірге өтті. Бұл өз кезегінде біз секілді енді ғана биік белестерді бағындыруға талпынған жастарға көп күш-жігер береді. Жалпы алғанда шетелдегі жаттығулардың көбі өзінің күрделілігімен есімізде қалды. Осы тұста еліміздің Ұлттық құрамасының бапкерлері біздің бабымызда болуымызды тұрақты түрде қадағалап отырды. Топтық жаттығулардан соң, отандық бапкерлер бізбен жеке жұмыс істеді. Мұндайда қосымша арнайы тапсырмалар беріп, жүктемелерді көбейтіп, кеткен қателіктерді түзетуге мүмкіндік алдық. Атап айтқанда, бас бапкеріміз Дүйсен Сапарұлы және Серік Жұмашев, Георгий Цурцумия сынды Ұлттық құрама бапкерлерінің біздің әрбіріміз үшін сіңірген еңбегі зор. Сонымен қатар, Дәулет Тұрлыханов ағамыз да дайындық барысымен жете танысып, хал-жағдайымызды сұрасып, бізге күш беріп отырды. Мұның өзі грек-рим күресіне деген үлкен қолдауы деп білемін.
Сонымен қатар, Париждегі олимпиадаға еліміздің атынан менімен бірге Мейрамбек Айнағұлов атты жігіт қатысты. Ол екінші күні күресті. Оған шын ниетімізбен жанкүйер болып, алтын алуына тілектестік білдірдік. Бірақ екеумізге де күміс жүлдегер атану бұйырыпты.
– Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз...
– Алдағы уақытта Алматы қаласында командалық жарыс негізінде өтетін Конфедерация кубогы бар. Осынау додада Алматы облысының намысын қорғауға қызу дайындық үстіндеміз. Алматы облысы бұған дейінгі жарыстарда топ жарып, жартылай финалға өткен-ді. Ендігі кезекте қалған 4 команда өзара бақ сынасады. Осы сайыста тобыбымыздың алдыңғы шептен көрінуі жолында еңбектеніп жатқан жайымыз бар.
– Ендеше, сәттілік серігіңіз болғай!
Сұхбаттасқан
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz