ӨРГЕБАС АУЫЛЫ ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ КӨКПАР БЕРДІ
2017 ж. 17 қараша
5135
1
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шыққалы бері Мақтарал ауданында қазақтың ежелгі ұлттық спорты саналатын көкпар ойынын тұрғындар жиі өткізетін болды. Мәселен, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылының тұрғындары осымен екінші рет көкпар беруде. Диқаншылықты кәсіп еткен ауыл тұрғындары облыстың шабандоздарын жинап ас беріп, көкпар өткізіп – халықтың ықыласына бөленіп отыр. Айта кетейік, Мақтарал ауданында Өргебас ауылы сияқты 182 елді мекен бар.
«Қазақ қашан да аттың үстінде күн кешіп, көшпенді бабаларымыз тұлпардың құлағында ойнайтын болған. Қанымызға сіңіп, генетикалық кодымыздың бір бөлшегіне айналғандықтан, көкпарды ешқашан қазақ тастамайтын да шығар. Пырақтың үстінде өскен бала елшіл, халықшыл келеді. Ел дегенде еміреніп тұрады. Сондықтан да, бұл ұлттық спортты насихаттау – біздің міндетіміз болуы керек. Оның үстіне Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы құнды ойларды жергілікті жердегі халыққа, әсіресе жастарға түсіндіріп отырсақ, мемлекетіміздің болашағы баянды боларына сенемін» – деді ОҚО-ның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ережеп Қанаев.
Шардара, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан келген шабандоздардың арасынан тақымын тақа қысып, көксеркені көтере білген көптеген шабандоздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Аузы дуалы қариялар жастарға бата беріп, елдің азаматы болуға шақырды.
«Жылдың басында диқаншылығымыз жақсы болсын деп ниет етіп ауыл тұрғындары ас қайырып, көкпар беріп көпшіліктің батасын алған едік. Міне, диқаншылықтан мол өнім алғанымызға шүкіршілік айтып тағы бір көкпар беріп отырмыз. Көкпар – жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, бұл спорт ердің қанаты саналатын тұлпардың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт» – деді ұйымдастырушылардың бірі Берікбай Донаев.
qazaquni.kz