Илья Ильин 2020 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетуі мүмкін
2017 ж. 14 қараша
2532
1
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Алексей Ни Илья Ильиннің келесі Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды tengrinews kz.
"Ардагерлерден қазір бізде Ильин бар. 1988 жылы туылған. 29 жаста. Қазір біз Халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімін күтіп отырмыз. 6 қазан күні Ильиннің ісіне байланысты отырыс өтті. Сондықтан шешімді асыға күтіп отырмыз. Оң нәтижесін береді деген сенімдеміз. Ильяны әлем чемпионатында көріп қалатын шығармыз сонда. Тіпті ол Олимпиада ойындарына да қатысуы мүмкін.
Зульфия Чиншанлоға байланысты шешім де оң болатын болса, ол 2018 жылдың 25 мамырынан бастап өнер көрсете алады. Егер Азия ойындары туралы мәселені федерация шешетін болса, онда екеуі де Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына қатыса алады", - дейді Ни.
Еске салайық, Ильин допинг сынамасынан оң нәтиже бергені үшін 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлделерінен айырылған еді. Бірақ оны спорттан шеттету туралы шешім әлі шыққан жоқ.
Сонымен қатар, осы допинг дауына байланысты Чиншанло 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлдесінен айырылған еді. Оның жаза мерзімі 2018 жылдың 26 мамырында аяқталады.