Бүгін "Оқжетпес" ФК Көкшетау қаласындағы Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, балаларға сыйлық жасады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
"Оқжетпес" футбол командасы мүмкіндігі шектеулі балаларға сый жасады
2017 ж. 31 қазан
4441
0
Өздерінің ерекше қонақтарына орталық тәрбиеленушілері түрлі өнерлерін көрсетіп, шағын концерт ұйымдастырып берді. Ән айтып, бұрала би билеп, түрлі музыкалық аспаптарда ойнаған балаларды көрген футболшылар тебіреністерін жасыра алмады.
Футбол клубының ойыншылары мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу орталығының директоры Алтын Мұстафинаға және орталық қызметкерлеріне ескерусіз, бірақ ерен еңбектері үшін алғыстарын білдірді. Өмірлерінің тым күрделі екеніне, өзгелер секілді бір қалыпты өмір сүре алмайтындықтарына қарамастан бұл орталықтағы кез келген бала қуануға, мұңаюға, тіпті асыр салып ойнауға қақылы. Сол үшін де «Оқжетпестіктер» балаларға түрлі деңгейдегі сый жасады.
«Бұл сыйлықтар осымен тоқталып қалмайды. Орталық ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін футбол клубы орталық қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасайтын болады. Сол үшін тағы қандай көмек көрсетіп, не сатып алуға болатынын ақылдасамыз» - дейді клуб мүшелері.
Ал "мұндай кездесулер жиі болып тұрғаны біздің балалар үшін өте маңызды" деген орталық директоры Алтын Мұстафина өз қалаларының сүйікті футбол командасы қонаққа келгенге балалар ерекше қуанып қалды дейді.
«Қазан айында клуб жетекшісі Федор Симиниди хабарласып, бізге қонаққа келгілері келетінін, орталыққа азын-аулақ тарту жасамақ ойлары барын айтты. Біз бірден қуана келістік. Соның негізінде біз бүгін кездесіп, алдағы уақытта бірлесе қызмет қылуға келісім жасастық. Клуб мүшелерінің барлығына да алғысымды білдіремін» - дейді Алтын Мұстафина.
Өз кезегінде «Оқжетпестің» жетекшісі Федор Симиниди де мұндай кездесулердің жиі өтіп тұрғаны екі жаққа да тиімді екенін, жан-жақты пайдалы екенін айтты.