«Әлем Барысындағы» қазақ балуандарының қарсыластары анықталды
2017 ж. 07 қыркүйек
2519
0
Елордадағы «Mega Silk Way» сауда, ойын-сауық кешенінде «Alem barysy» додасына қатысатын балуандар арасында салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі өтті. Шара барысында қазақ балуандарының іріктеу кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған балуандардың салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімін белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбек жүргізді. Рәсім алдында көрермендерге алтын, күміс және қола белдіктер таныстырылды. Алдымен балуандар сахнаға бір-бірден шығып, салмақтарын өлшеді. Кейін жеребе қоржынындағы асықтарды алып шығу арқылы, өздерінің қарсыластарын анықтады. Жеребеге сәйкес, «Қазақстан барысы» атанған, қазақ күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айбек Нұғымаров 25 жастағы эстониялық Дмитрий Леппен бозкілемге шығатын болды. Ал Қазақстан кубогының жеңімпазы Дәурен Нұралинов айтулы жарыстағы алғашқы кездесуін үндістандық Жагбир Сингх Ранамен өткізеді. Қазақ күресінен ғана емес, дзюдодан да әлемдік жарыстарда топ жарып жүрген Ержан Шынкеев салмағы 130 келілік польшалық Томаш Питор Талачпен белдеседі. Қазақ күресінен атағы шығып келе жатқан жас балуан Айбат Сейтен жуықта ғана дзюдодан Еуропа чемпионы атанған грузиялық Гурам Тушишвилимен шығады. Ал биыл ғана «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиев Литваның балуаны Мартинос Васковичпен кездеседі. Еске сала кетсек, 8 қыркүйек күні елордадағы «Барыс Аренада» қазақ күресінен «Alem barysy» чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеде әлемнің қырыққа жуық елінен 43 балуан өзара мықтыны анықтайды. Бірінші орынды иеленген балуан алтын белдікпен бірге 15 миллион теңге сыйақы алады. Жарыс танымал әлемдік телеарналар арқылы 100 мемлекетте көрсетілетін болады.
А.Тәжікова
qazaquni.kz