ҒАСЫР ЖЕКПЕ-ЖЕГІ ТЕҢ АЯҚТАЛДЫ (ВИДЕО)
2017 ж. 17 қыркүйек
3619
27
Әлемге әйгілі қазақ боксшысы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинді бәріміз жақсы білеміз. 37 кездесу өткізіп, біреуінде де жеңілмеген. Оның 33-ін нокаутпен жеңіске жеткен. Ол Қарағанды қаласы Майқұдық шағынауданында 1982 жылы туған. 35 жаста. Кәсіпқой бокста алғашқы жеңісін 2006 жылы 6 мамырда бастаған Головкин WBC, IBF, WBA және WBO версиялары бойынша әлем чемпионы.
Бокс жорығын 16 жасынан бастаған Мексиканың әлемге әйгілі боксшысы Сауль Альварес "Канело" 1990 жылы 18 шілдеде Гвадалахарада туған. 27 жаста. WBC, WBA, The Ring және WBO версиялары бойынша орта салмақта әлем чемпионы.
Бойы 1,75 м
Салмағы : 74 кг
50 кездесу өткізіп біреуінде ғана атақты Мейвезерден ұпай санымен ұтылды.
Кешегі салмақ өлшеуде екеуінің де салмағы 72,555 кг тартты.
Американың атышулы Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан бүл Головкин-Альварес кездесуін ел "Ғасыр жекпе-жегі" деп атауда.
Сарапшылардың көбісі Головкин жеңеді деп болжам жасауда.
Дәл қазір екі елдің әнұрандары орындалып бітті. Қазақстан гимніні қазақы шапан киген жігіт рингте әдемі орындап шықты.
Эфирден Генаны көрсетіп қоюда. Шықшыттары білемденіп, ширығып отыр. Телеарнаға телміріп, Алла жар болсын деп, жеңіске жетуін тілеп,біз отырмыз.
Міне, Гена әйгілі қазақ шапанымен рингке шығып келеді. Айтпақшы, осы шапанды арнайы тіккізіп, сыйлаған оңтүстікқазақстандық кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков те екі күннен бері Лас Вегаста, осы бокс кешінде отыр. Осы ұлттық шапанды біздің «Қазақ үні» ұлттық порталы жариялағанда интернетті жарған еді. Фейсбукта 3 күнде 5 мыңдай адам қолдау көрсетіп, 2 мыңға жуық пікір жазылған болатын. Лас Вегастағы бокс кешінде қазақстандықтардың қарасы қалың көрінді.
Қазақтарды демалыс күні - жексенбіде таңғы 6-да оятқан Ғасыр жепе-жегі Астана уақыты бойынша 9-09 минутта басталды. Иә, сәт!
Алғашқы раундтар тең дәрежеде өтті. 4-5-ші раундта Головкин Альваресті тықсыра бастады.
7 раундта нағыз айқас басталды. Бокс сарапшысы әйгілі Хопкинс айтқандай, «бұл жекпе-жекте қай мықтысы емес, қай ақылдысы жеңеді».
12 раундта Альварес атылып шыға келді. Бірақ Головкин оған дес бере қойған жоқ. Өзінің соққылар жасау мәнерінен танған жоқ.
Ғасыр жекпе-жегі тең аяқталды. Бір төреші Альвареске, бір төреші Головкинге берді жеңісті. Үшінші төреші екеуіне тең ұпай берді. Екі боксшы да бұған келіспей, қайта кездесуді қалауда.
Шынында да, екеуі де ер екен!
Қазақтың қайсар ұлы Гена жарады! Негізі оның соққысы көптеу болған еді. Сондықтан да Головкин рингте "Мен чемпионмын" деп мәлімдеді. Ал әйгілі Майк Тайсонның өзі әлеуметтік парақшасында: Геннадий, сенен жеңіс күтемін" деп сеніммен жазған болатын. Бұл жерде бұл күні -Мексиканың Тәуелсіздік күні мерекесі екені де есепке алынып, саясат салқынымен жеңіс тең бөлініп берілген секілді. Негізі соққылардың қорытынды есебінде Головкин - 116, Альварес - 112 ұпайға ие болған еді..
Головкин мен Альварес басқа табыстарын есептемегенде осы жекпе-жек үшін 15 миллион доллардан алатыны белгілі болды.Ағылшын тілінде ағып тұрған Генамыз ринг төрінен жанкүйер болып келіп отырған жерлестеріне қазақ тілінде: «Үлкен рахмет, жігіттер!» деп ризашылығын білдірді.
Алда біз Генаға тек Жеңіс тілейміз!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz
Саул Альварестің шешесі ұлына ең белсенді жанкүйер болып, айқайлап отырды