Ольга Рыпакова Ашхабадта өтетін Азия ойындарына қатысады
2017 ж. 06 қыркүйек
3134
0
Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Георгий Егоров отандық атлеттердің 2017 жылғы Бүкіләлемдік жазғы универсиадада сынға түсулеріне қатысты өз пікірін білдіріп, Ашхабадта өтетін Азия ойындарына қатысты жоспарларымен бөлісті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы Жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.
Тайбэй тәжірибесі
– Григорий Александрович, студенттер арасында өткен ойындардан біздің құрама биіктікке секіруден Сергей Григорьев еншілеген бір күміс медальмен оралды. Тайбэй стадионындағы спортшылардың бәсекелестігі қалай өрбіді, сол туралы айтып берсеңіз? – Ия, Универсиада жарысында бізге бір медаль ғана бұйырды және бірқатар спортшыларымыз үздік ондықтарға ілінді. Финалға шыққан спортшыларымыз аз болмады, алайда марапат мінберіне көтерілу бақыты тек Сергей Григорьевке бұйырды. Ол Тайбэйде жақсы нәтиже көрсетті, жеңіске жетуге де мүмкіндігі бар еді. Өзге спортшыларымыз туралы айтатын болсақ, барлығы соңына дейін бар күшін салып, жүлде үшін таласты. Бұл спорт, ұдайы жеңіске жете беру мүмкін емес. Әйелдер арасындағы 100 метрге 4 қайтара жүгіру эстафетасы көңіліге қаяу түсірді. Қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетті, өздерінің нағыз мықты екендіктерін дәлелдеді, алайда бір спортшымыздың көрші жолақты басып кеткені үшін бүкіл құрама жарыстан шектетілді. Екінші болып келген Швейцария құрамасы арыз жазды, біз қарсы тұруға барымызды салдық, ереженің аты ереже. Қалай болғанда да, бұл жарыс біз үшін үлкен тәжірибе болды.
– Жарыста жеңіске жеткен спортшылардың нәтижелеріне қарасақ, Универсиададағы бәсекелестік қатты болған секілді?
– Тайбэйде Лондонда өткен әлем чемпионатына қатысқан спортшылар келді көбінде, жарыстың кей түрлерінде өте жақсы нәтижелер көрсетілді. Мысалы, найза лақтыру бойынша алтын медаль алған Чао-Цун Ченнің көрсеткіші әлемдік біріншіліктің жеңімпазы, неміс Йоханесс Феттердің нәтижесінен де асып кетті. Универсиададағы жеңіл атлетика бойынша өткен турнир құрамы бойынша ең мықты болды, жарыс жоғары деңгейде өтті.
– Біздің атлеттердің көрсеткіштеріне ыстық ауа-райы әсер етуі мүмкін бе?
– Олай деуге бола қоймас. Барлығына ортақ жағдай жасалды ғой, оған қоса кейде жарыс кезінде жаңбыр жауып, кейбір старттар шегеріліп те жатты. Бірақ, Универсиадаға дайындық кезінде Қазақстанда аптап ыстық болды, әлем чемпионатында өнер көрсетпеген құраманың жартысы толыққанды жаттығу жұмыстарын өткізе алмады. Мысалы, ядро лақтырушы Иван Иванов кейбір жаттығулар кезінде 40 градус ыстық болғанын, соның салдарынан дұрыс бабына келе алмағанын айтты. Өкінішке орай, спортшыларымыз үшін ортақ дайындық өткізуге мүмкіндік болмады. Бұл да көрсеткіштерге өз әсерін тигізді.