Жетісулық спортшылар джиу-джитсудан Азия чемпиондары атанды
2017 ж. 31 тамыз
2455
0
11-14 тамыз күндері Вьетнам астанасы Ханой қаласында джиу-джитсу спорт түрінен Азия чемпионаты өтті. Екі күнге созылған сайыста құрлықтың 20 мемлекеті өзара мықтыны анықтады. Қорытындысында Қазақстандық спортшылар 30 медаль еншіледі. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.
Жарыстың алғашқы күні джиу-джитсудың файтинг түрі бойынша үздіктер іріктелді. 56 келіде Елдос Қабденов чемпион атанды. Алматы облысының спортшысы әлем чемпионы екенін Азия құрлығында абыроймен қорғап, алғашқы алтынды қоржынға салды.
Жарыстың екінші күні неваза мен комбат түрлері бойынша сайыстар өткізілгені айтылды. Комбат түрі бойынша Қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетіп, үш алтын медаль иеленді. Соның бірі Алматылық Есенеев Қуандық тұғырдың ең биігінен көрінді.
«Жарыс өте қызықты әрі қиын өтті. Себебі, шет ел болғандықтан ауа-райы біздікінен өзгеше. Ауа температурасының жоғары болғандығы соншалық дем алу қиынға соқты. Десек те біздің спортшыларымыздың мықтылығымен бұл кедергіге де төтеп бердік деп айта аламын. Ендігі болашаққа қойған мақсатымыз Қазақстан чемпионаты мен Халықаралық жарыстарға көптеп қатысып, чемпион атану», - деді Азия чемпионы Есенеев Қуандық.
Айта кетсек, джиу-джитсудан Қазақстан ұлттық құрамасы Азия құрлығында жалпы саны 30 медаль иеленіп отыр. Ендігі сайыс қыркүйек айында өтетін жабық кешендегі Азия ойындары.