Танымал марафоншылар шеберлік сабағын өткізеді
2017 ж. 25 тамыз
1824
1
27 тамызда Астанада халықаралық ШЫҰ және АӨСШК марафоны өтеді. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған ең маңызды спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірі. Халықаралық марафонға қатысуға кез келген адамның мүмкіндігі бар. Ешқандай жас категориясына байланысты шектеу жоқ.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы осымен екінші жыл қатарынан халықаралық марафон өткізуді қолға алып отыр. Алғаш рет 2016 жылы ұйымның құрылғанына 15 жыл толуына орай, Қытайда ұйымдастырған болатын. Ол кезде 16 мың адам қатысты. Бұл жолғы Астанадағы халықаралық марафон үш кезеңді қамтиды. Ең ұзақтығы классикалық марафон – 42 шақырым 195 метр 27 тамыз күні сағат 07:30-да басталады, орта қашықтық – 10 шақырымға жүгіретіндердің старты сағат 08:00-ге жоспарланған. Сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне орайластырылған 2017 метр («EXPO RUN») бар. Оның басталу уақыты – 08:10. Тіркеуден өткен қатысушыларға 25,26,27 тамыз күндері бастапқы пакеттер таратылады. Оны алу үшін халықаралық EXPO көрмесінің MEGA SILK WAY сауда орыны жағындағы автотұрағына келу қажет.
Халықаралық марафонның жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Ерлер арасында 42 шақырым 195 метрге жүгіріп, мәре сызығын 2 сағат 20 минутта кесіп өткен қатысушы 13 мың долларға ие болады. Егер ол уақыттан кешігіп келіп, бірақ жеңімпаз атанса, 7500 доллар көлемінде сыйақы беріледі. Әйелдерде бұл уақыт көрсеткіші – 2 сағат 40 минут.
Ал 10 шақырымға жүгіргендер (ерлер) арасында бас жүлдеге – теледидар, екінші орынға – шаңсорғыш, үшішнші орынға – қысқатолқынды пеш тігіліп отыр. Әйелдерде бұл қашықтықтың жеңімпазына «Life Fitness» клубына – жылдық сертификат, екінші орынға – жартыжылдық сертификат, үшінші орынға – үшайлық сертификат беріледі.
Ұйымдастырушылар 2017 (EXPO RUN) метрге жүгіргендердің ішінде екі үздігіне жекелей сыйлық дайындады. Олар ҚР жеңіл атлетика Федерациясы дайындаған естелік сыйлыққа ие болады.
Сондай-ақ халықаралық марафонда мүмкіндігі шектеулі жандар да жүгіреді. Олардың қатысуы тегін. Үздіктер қатарынан көрінгендерге арнайы сыйлық ұсынылады.
Ұйымдастырушылар дәл осы күні белсенді демалысты жақсы көретін әуесқойларға елордадағы батут саябағында жарыс өткізеді. Іс-шараның жүргіушілері сол жерде жарысқа қатысатын командаларды жинайды. Жарыс 9 кезеңнен тұрады. Жеңімпазға ҚР жеңіл атлетика Федерациясы дайындаған арнайы сыйлық беріледі. Тоғыз кезеңнің әрқайсысына «Полоса препятствий», «Вышибала», «Гладиатор», «Горячая картошка», «Летающие деньги»,
«Борьба сумо», «Дартс», «Веселая эстафета», «Гигантские перчатки» деген секілді күлкілі атаулар қойылған. Көрермендер мен жанкүйерлер отбастылық эстафета, викториналарға қатысуларына болады. Ең соңында қонақтар арасында лотерия ойнатылады. Жеңімпаздар ҚР жеңіл атлетика Федерациясы дайындаған сувенир сыйлықтарға қол жеткізеді.
Айта кетейік, халықаралық ШЫҰ және АӨСШК марафонын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика Федерациясы және «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы бірігіп өткізеді.
qazaquni.kz