Он тоғыз жасар жігіт 300 келілік "Қажымұқанның тасын" көтерді
2017 ж. 22 тамыз
2591
3
Қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан құрамасының мүшесі Әміре Бағұстар Астанадағы этноауылда «Тас көтеру» жарысының жеңімпазы атанды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Зілдей ауыр тасты көтеру үшін еліміздің әр түкпірінен қара күш иелері жиналды. Ересек азаматтар бағындыра алмаған ауыр тасты 19 жастағы Ақсу қаласының тұрғыны көтеріп алды.
«Мен бұл тасты көтеретініме толық сенімді болдым. Бастысы, тасты дұрыс ұстап, техниканы дұрыс жасау», - деді жеңімпаз.
Айта кетейік, салмағы 300 келідей болатын тасты Астанаға Баянауыл даласынан арнайы алып келген. Дәл осы жерде атақты балуан Қажымұқан тасты қолында ұстап, қара күш иесі екендігін дәлелдеген.
«Біз мұндай жарыстарды қазақ елін әлемге танытқан рухты батырларымызға құрмет көрсету мақсатында өткізіп келеміз. Осындай жарыс үшінші рет өтуде, алайда тасты жерден көтере алатын адам биыл ғана анықталып отыр», - дейді Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев.
Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жеңімпазды құттықтап, Әміре Бағұстарға жаңа теледидарды сыйға тартты.