Ольга Рыпакова әлем чемпионатының финалына бірінші орынмен шықты
2017 ж. 06 тамыз
2363
0
Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында жеңіл атлетикадан XVI әлем чемпионаты басталды. Қазақстан спортшыларының арасында бүгін жарыс жолына үш қарғып секіруден 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен 2017 жылғы Азия чемпионы 18 жастағы Мария Овчинникова өнер көрсетті.
Бұл туралы Жеңіл атлетика федерацисының баспасөз қызметі хабарлады.Үш қарғып секіруден әйелдер арасындағы бәсекеге 26 жеңіл атлет келген екен. Олар іріктеу кезеңінде 2 топқа бөлініп сайысқа түсті. Азия чемпионы Мария Овчинникова «А» тобында өнер көрсетсе, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова «В» тобына түскен болатын.
Ольга Рыпакова өз тобында екінші болып шығып, бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,57 метрге қарғып, финалға шықты. Ал 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, колумбиялық Катрин Ибаргуэн де бірінші мүмкіндігінде финалда бақ сынау құрметіне ие болды. Бірақ оның көрсеткіші – 14,21 метрден аспады. Ал Венесуэладан келген Юлимар Рохас іріктеу кезеңін 14,52 метрмен аяқтады. Үшінші орында Португалия қызы Пастрисиа Мамона тұр.
Сонымен финалда өнер көрсететін 12 спортшы іріктелініп алынды. Өкінішке қарай, Мария Овчинникова финалға ілікпеді. Бірінші мүмкіндігінде 13,18 метрге секірген, екіншісінде 12,90 метр көрсеткішпен шектелді. Үшіншісінде қарғу сызығын басып кеткен соң, бұл мүмкіндігі есепке алынған жоқ. Енді финал 7 тамыз күні өтеді.
Айта кетейік, әлем чемпионатына 205 елден 2034 спортшы келген.Жалпы, әлем чемпионатының нормативін 1084 ер спортшы, 954 әйел спортшы орындаған. Олар жеңіл атлетиканың 48 түрінен өздерінің бақтарын сынап жатыр. Негізі бұған дейін әлем чемпионатында 47 сайыс енгізілген еді. Осы жолы IAAF Кеңесі әйелдер арасында 50 шақырымға спорттық жүріс бағдарламасын қосты. Халықаралық доданың жүлде қоры 7 344 000 долларды құрап отыр.
Ал әлем рекордын орнатқан спортшы 100 000 доллардан алады. Сондай-ақ үздік сегіздікке енген спортшыларда құралақан қалмайды. Жекелей және эстафеталық сайыста үздік сегіздіктен көрінген атлеттерге сыйақы қарастырылған.
Әлем рекордын орнатқан атлет арнайы Word Record Award жүлдесімен марапатталады.
Ольга Рыпакова мен Мария Овичинниковадан бөлек, Қазақстан намысын Виктория Зябкина (200 метр және 4х100 метрге эстафеталық жүгіру), Полина Репина, Георгий Шейко, Регина Рыкова, Диана Айдосова ( бәрі де – 20 шақырымға спорттық жүріс)Елена Наназиашвили (марафон), Ольга Сафронова, Юлия Рахманова, Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Анастасия Тулапина (бәрі де – 4х100 эстафеталық жүгіру) қорғайды.