Бір Неймарға не сатып алуға болады?
2017 ж. 04 тамыз
2604
0
Футбол жанкүйерлері арасында танымал бразилиялық футболшы Неймар соңғы бірнеше күннен бері әлемдегі спорт жаңалықтарынан түспейтін болды. Ол футболшылар тарихында ең қымбат бағада сатылған спорт шебері болып, рекорд жаңартты. «Барселона»-дан Неймарды Францияның «ПСЖ» клубы 222 млн евро төлеп өз командасына алды. Былайша айтқанда, бір Неймар 262 млн АҚШ долларға немесе 87 млрд 10 млн 200 мың теңгеге тура келеді. Егер сіз әр күні 1000 АҚШ долларынан жинап отырсаңыз, бір Неймарды сатып алу үшін шамамен 718 жыл кеткен болар еді.
BBC агенттігі «Бір Неймарға не сатып алуға болады?» атты сараптама жария етті.
Ұшақ сатып ала аласыз. Сізде бір Неймар болса, онда сіз оны «сатып», ақшасына «Бойнг-737-700» түріндегі жолаушылар ұшағынан үшеу сатып ала аласыз. Бір ұшақтың бағасы қазіргі кезде 84,2 млн доллар шамасында. Ал сіз су жаңа 737-800 ұшағын сатып алам десеңіз де, ондай ұшақтан екеуін бір Неймар алып бере алады және қалтаңызда 65 млн доллар ақша тағы қалар еді. Жеке ұшақ та сатып аласыз. Ең керемет деген жеке ұшақтардың бағасы 100 АҚШ долларының ар жақ, бер жағында.
Соғыс ұшақтарын да сатып ала аласыз. Егер сізді кинодағы дыбыс жылдамдығынан да тез ұшып, көз ілеспес жылдамдықтағы шабуылшы, жойғыш ұшақтар қызықтырса, оның құнынан Неймарды «сатқандағы» ақшадан үш есеге арзан. АҚШ әуе күштерінің «Сұрмерген» F-35 Lightning ұшақтарының құны 94 млн долларға тура келеді. Ал егер, F-22 Raptor жойғыш ұшақтарына қызықсаңыз 150 млн доллар, қалтаңызда тағы 112 млн доллар қалады. Ал, бір Неймарға Ресейдің Су-24 ұшағынан 10 данасын сатып ала аласыз.
Алты шағын елдің бірін сатып алу таңдауына қол жеткізе аласыз. Егер сізде бір Неймар болса Тувалу, Монтсеррат, Науру, Кирибати, Маршалл аралдары және Палау қатарлы алты елдің бірінің экономикасымен (ІЖӨ) бірдей қаржыңыз бар болған болады.
Осы жерде өз есебімізді де айта кетейік. Бір Неймардың құны Йеменде аштық көріп жатқан әр адамға (БҰҰ есебі бойынша 7 млн адам ең ауыр аштық көруде) 37,4 доллар беріп, 10 күн бойы тоя тамақтандыруға жетер еді. Не болмаса, 5 жастан кіші, азық жетіспеушіліктен ауыр науқаста жатқан 2,5 млн сәбиге 104,8 доллардан емдеу және азықтандыру қаражатын беруге болады. Қазір БҰҰ Гуманитарлық істер кеңсесі әлем елдеріне аш-жалаңаш йемендіктерді құтқаруын өтініп, қайта-қайта ескерту жасауда.