Оралда велоспорттан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі мәреге жетті
2017 ж. 14 шілде
1935
1
Орал қаласында жасөспірімдер арасында велоспорттан ел біріншілігі мәреге жетті. Велоспорттан БҚО құрамасының аға бапкері Бейбіт Ибатовтың сөзіне қарағанда, 15-16 жастағылар арасында критериум сайысынан 23,5 км қашықтықта Жамбыл облысынан келген Роман Дрожинин жеңімпаз атанса, астаналық Владислав Эйхорн екінші, оралдық Дмитрий Носков үшінші сатыға көтерілді.
13-14 жастағылардан критериумнан (15,5 км) Алматы облысының өкілі Андрей Ремхе, астаналық Егор Стрельников және қызылордалық Аян Шектібаев алғашқы үш орынға ие болды. Қыздардан критериумнан 15-16 жастағылардан (15 км.) Алматы облысының спортшылары Ақпейіл Өсім мен Кристина Титовская алтын және қола жүлдені жеңіп алса, жамбылдық Милана Чичева күміс медальді еншіледі. 13-14 жастағылардан (13 км.) Алматы облысының тағы бір өкілі Бота Батырбекова, шығысқазақстандық Дарья Тюлькина, астаналық Любовь Репп жүлдеге ілікті. Топтық бәсекеде 13-14 жастағылар арасында 50 км. қашықтықта жамбылдық Руслан Алиев мәре сызығын бірінші болып қиса, алматылық А.Ремхе мен солтүстікқазақстандық Константин Дегтяренко екінші, үшінші болып жетті. Осы жастағы қыздар арасында (37 км.) алматылық Б.Батырбекова тағы топ жарса, шығысқазақстандықтар Д.Тюлькина мен Елена Мандракова күміс пен қоланы қанағат тұтты. Осылайша, чемпионаттың соңғы күндері табысты өнер көрсетіп, астаналықтарды басып озған Алматы облысының командасы 5 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен жалпы есепте бірінші орынға ие болды. Астаналықтар 4 алтын, 5 күміс, 2 қоламен екінші сатыға жайғасса, Жамбыл облысының құрамасы (2 алтын, 1 күміс, 2 қола) үздік үштікті түйіндеді. Ақмола облысы (2 алтын, 1 қола) төртінші, БҚО құрамасы (1 алтын, 1 күміс, 3 қола) бесінші орынға табан тіреді. Айта кетейік, біріншілік қорытындысына сәйкес алдағы жарыстарда ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасы жасақталатын болады.
qazaquni.kz