Қарағандыда «Арманға жол» атты марафон өтеді
2017 ж. 02 маусым
2513
1
3 маусым күні Қарағанды облыстық жеңіл атлетика Федерациясы алғаш рет «Арманға жол» атты жартылай марафон өткізеді. Аталған марафон қаладағы Республика даңғылының бойында орналасқан «Қарағанды Арена» мұз сарайының алдынан сағат 9.00-де басталады.
Марафонға қатысуға өтініш бергендердің саны 2000-нан асты. Олардың арасында ұлттық құрама мүшелері, ұзақ қашықтыққа жүгіру бойынша еліміздің үздік атлеттері бар. Мысалы, 2016 жылы Рио Олимпиадасында өнер көрсеткен марафоншы Ирина Смольникова (ШҚО) мен Михаил Красилов (Жамбыл облысы) және өткен жылы отандық марафоншылардың арасында ең үздік нәтижені көрсеткен тәжірибелі спортшы Андрей Лейменов (ШҚО) Қарағанды марафонына қатысуға өз келісімдерін берді.
Жүгіру төрт қашықтық бойынша өткізіледі:
– «Балапан» – 1 шақырым. 10 жасқа дейін балалар жүгіреді. Бірінші орынға 10 мың теңге беріледі;
– «Достық» – 5 шақырым. Жүгіруге икемі барлардың бәріне қатысуға болады. Бірінші орынға 50 мың теңге беріледі;
– «Спутник» – 10 шақырым. 16 жастан асқан жасөспірімдер қатысады. Бірінші орынға 100 мың теңге беріледі;
– «Арманға жол» – 21 шақырым. 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысады. Бірінші орынға 300 мың теңге беріледі.
Жалпы, әр қашықтық бойынша алғашқы келген он адамға (әйелдер мен ерлер бөлек) жүлде беріледі.
– Біздің мақсат – жеңіл атлетика халықтың әлеуметтік статусына қарамастан қолжетімді спорт екенін дәлелдеу. Жүгіру үшін жейде, шолақ шалбар (шорты) және кроссовки болса жеткілікті, – дейді Қарағанды облыстық жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті, онсайыстан Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карпов.
Оның айтуынша, «кеншілер» шахарында өтетін марафонға еліміздің өзге аймақтары мен Ресей және Қырғызстанның марафоншылары да қызығушылықтық танытып отыр екен.
– Соңғы күндері жергілікті халықтың осы марафонды күтіп жүргенін байқадым. Неізігі марафонға адамдар өзі үшін қатысып жүгіреді ғой. Дегенмен «Арманға жол» марафоны халықтық мереке болады деп сенемін. Қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, – дейді Дмитрий Карпов.
Анықтама: Қарағанды облыстық жеңіл атлетика Федерациясы Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика Федерациясының (ЖАФ) мүшесі. ҚР ЖАФ – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттік аккредитациядан өткен қоғамдық ұйым. Жеңіл атлетиканы бұқаралық әрі қолжетімді спорт түрі ретінде насихаттау ҚР Жеңіл атлетика Федерациясының басты мақсаттарының бірі.