ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА – ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ!
2017 ж. 08 ақпан
2482
0
Күні кеше ғана Алматыдағы жаңадан салынған «Алматы – Арена» спорт кешенінде жалауы көтерілген дүниежүзілік XXVIII қысқы Универсиада ойындары өз мәресіне жетуге жақын. Жарыс басталған алғашқы күннен бастап жастар жарысының қарқыны бір бәсеңсіген жоқ. Әлемнің 52 елінен келген жас спортшылар әсем қаланың 9 спорт кешенінде жарыстың 12 түрінен өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерін қуантуда. Бұл доданы тамашлауға шетелдерден 32 мыңнан аса көрермендер Алатау баурайына ат басын тіреп, тамаша тартыстың куәгеріне айналды.
Бірінші күннен бастап көш тізгінін қолына мықтап ұстаған ресейліктерді өкшелеген жерлестеріміз көптеген жеңістерге жетіп, әр күн сайын команда қоржынын түрлі медальдармен толықтыра түсті. Бірінші алтын жүлдені биатлоншы қызымыз Алина Райкова алып берді. Ол биатлоннан 15 шақырымға еркін стильде сайысқа түсіп, 9:48.7 уақыт көрсеткішімен топ жарды. Бұл сайыста сынға түскен тағы бір жерлесіміз Галина Вишневская қарсыласынан 2:21.1 уақыт қалып, екінші орынға тұрақтады.
Үшінші орынды украин қызы Надежда Белкина иемденді. Алғашқы алтын медальдан соң бұл үрдіс жалғасын тапты. Фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек командалық жарыста чемпион атанды. Ал, Анна Шевченко шаңғыдан 5 шақырымдық із қуалау жарысы бойынша 3-орынға тұрақтап, екінші қоласын еншіледі.
Универсиаданың үшінші күні биатлоншылардың спринтерлік жарысында қазақстандық Галина Вишневская ел қоржынына үшінші алтын медаль салды. Бұл қашықтықты отандасымыз 21 минут, 43,1 секунд көрсеткішпен өтті. Универсиаданың төртінші күні Қазақстан қоржыны 4 алтын, 2 қола жүлдемен толығып, барлығы 15 медальмен жалпы командалық есепте екінші орынды ешкімге берместей мықтап иеленді. Төртінші күн бірден алтын жүлдемен басталды. Бұл күні 7,5 шақырымға спринтерлік жарыста тағы да Галина Вишневская қарсыластарынан оза шауып, 21:43.1 уақыт көрсеткішімен жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орын Украина спортшысы Яна Бондарьға бұйырса (+22.8), үздік үштікті ресейлік Анастасия Егорова 36.7 уақытымен қорытындылады.
«Шымбұлақ» шаңғы базасында өткен фристайл могулынан отандасымыз Юлия Галышева үздік нәтиже көрсетіп, еліміздің қоржынына төртінші алтынды салды. Ол бұрылыстарын өте сәтті жасап 47,2 балл алса, өте күрделі секірістері үшін 13,89 балл, жылдамдығына 12,71 балл алып, барлығы 73,20 баллмен үздік нәтиже көрсетті. Екінші нәтижені ресейлік Анастасия Первушина 62,13 балмен көрсетсе, 52,05 бал жинаған Катарина Рамзауэр үшінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ жанкүйерлер Галышеваның жеңісінен ес жиып үлгермей жатып, фристайлдың осы түрінен ерлер арасында сынға түскен Дмитрий Рейхард та жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл ел қоржынындағы бесінші алтын. Ортаға ресейлік спортшы Сергей Шимбуевті салып, үшінші орынға отандасымыз Павел Колмаков жайғасты. Бұл бесінші қола жүлде болатын. Сөйтіп жерлестеріміздің жеңісті күндері жалғасын тапты.
Сондай-ақ, артынша ерлер арасындағы шаңғы жарысы бойынша 10 шақырымдық спринтте Роман Еремин де қарсыластарына есе жібермей, қола жүлде еншіледі. Онымен қоса шаңғышылар арасындағы классикалық стильдегі жекелей жарыста Қазақстанның намысын үш спортшы қорғады. Олар – Олжас Климин, Александр Малышев және Иван Люфт. Біздің жігіттерге ресейлік Владимир Фролов, Юрий Гаврилов және Егор Березин қарсылас атанды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде отандасымыз Иван Люфтке бұйырды. Күміс ресейлік Фроловтың еншісінде кетті. Қола жүлдені де ресейлік Егор Березин жеңіп алды. Ал біздің Климин мен Малышев бесінші-алтыншы өзара орындарды бөлісті. Қазақстан құрамы осылайша Универсиаданың алтыншы алтынын алды.
Анна Стоян шаңғыдан әйелдер арасындағы классикалық спринт сынында ресейлік спортшы Мария Давыденкова мен Лилия Васильеваға жол бере отырып, қола жүлдені еншіледі. Айта кетейік, бұл сында қазақстандық спортшылар арасынан тек Анна Стоян ғана финалға жеткен болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасы төрт күн ішінде Универсиада тарихында өз рекордын жаңартты. Ел қоржынында 6 алтын, 2 күміс, 7 қола бар.
Универсиаданы қортытындылай келсек.Қазақстан қоржынына Универсиаданың тағы екі алтыны түсті. Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында қазақстандық фристайлшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Қазақстанға Универсиаданың сегізінші алтынын қоржынға салып берді. Параллельді могул сайысының финалында Юлия ресейлік Елизавета Безгодовамен бақ сынасып, 17:8 есебімен айқын жеңіске жетті.
Бұл спортшымыздың Универсиада ойындары барысында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жетінші, ал Юлия Галышеваның жеңіп алған екінші алтын жүлдесі. Ал, отандасымыз Дмитрий ресейлік Сергей Шимбуевты озып шықты. Бұл сында бағын сынаған екінші отандасымыз Павел Колмаков қола жүлдегер атанды. Рейхердтің алған алтыны Қазақстан құрамасы үшін сегізінші алтыны болмақ.
Осы аптаны Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан қоржынына оныншы алтынды қоржынға салумен қорытындылады. «Алматы-Арена» мұз сарайында мәнерлеп сырғанаушы жігіттер еркін бағдарламада өнер көрсетті. Қазақстандық мыңдаған жанкүйерлер үлкен сенім артқан Денис Тен 266.97 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Жапония спортшысы Кэйдзи Танакаға (252.09) бұйырса, қола жүлде швециялық Александр Майоров (246.56) қанжығасына байлады.
Қазақстандық шорт-трекшілер де күміс және қола медаль олжалады. Финалға қос спортшымыз Денис Никиша мен Абзал Әжғалиев жолдама алды. Спортшылар 500 метр қашықтықта бақ сынады. Оңтүстік корейлік Ким До Кюм алтынға қол жеткізсе, біздің спортшыларымыз Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша өзара күміс пен қоланы қанағат тұтты.
Тағы бір айта кетерлігі, біздің спортшыларымыздың арасынан павлодарлық Анна Шевченко төрт бірдей медальді жеңіп алды. Оның еншісінде алтын, күміс, қола бәрі бар. Универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған спортшы да осы Анна болатын.
Ол алдымен әйелдер арасында шаңғымен классикалық стильде 5 шақырымға жүгіруден қола жүлде олжалады. Бұл сайыста алтын медаль ресейлік Лилия Васильеваға бұйырған. Күміс жүлдені Лилияның отандасы Анна Нечаевская жеңіп алған. Одан кейін 5 шақырымға із қуып жүгіруден де қола жүлдеге қол жеткізді. Сол кезде Шевченко бірінші орынға екі секунд жетпей қалғанын айтқан болатын. Алтынды жұптық сайыста Олжас Климин екеуі бірге жеңіп алды. Қазақстандық спортшылардың көрсеткіші 18:23.48. Француздар екінші болды (18:28.67). Ресей спортшылары қоланы қанағат тұтты.
Осымен Қазақстан қоржыны тағы да бір күміс пен қолаға толықты. Жалпыкомандалық есепте 27 медальмен екінші орынды сақтап қалды. Алда жарыстың соңғы шешуші кезеңі тұр. Жерлестеріміз тағы да жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз.
Ысқақ САДЫҚ,
Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 4-курс студенті
qazaquni.kz