ҚАЗАҚ БОКСЫ ҺӘМ КОРРУПЦИЯ. ҰЛТ СПОРТЫНА ЖЕМҚОРЛАР ТАРАПЫНАН ҚАУІП ТӨНДІ
2017 ж. 25 қаңтар
2546
0
«Astana Arlans» клубынан ши шықты. Өнер жанашыры Ерлан Төлеутай маңдай терінің ақысын ала алмай жүрген клуб боксшыларының сотқа жүгініп жатқанын айтып дабыл қақты.
«Ардақты ағайын! Қазақ боксы, жалпы қазақ спорты белшесінен былыққа əбден батқан. Ол дерт - коррупция! Бір ғана мысал айтайын, 2015 жылы "Астана арланс" клубы əлемнің барлық командасын қирата жеңіп, Əлем чемпионы деген абыройлы атақты жеңіп алған болатын. Бұл жолы АИБА бас жүлдеге 400 000 доллар сыйақы тіккен еді. Обалы нешік, АИБА уәдесінде тұрып, ол қаржыны яғни 400 000 долларды "Самұрық Қазына" əл - ауқат қорының есеп шотына аударған. Бұл қаржы аталмыш қордың қамқорлығына алынған "Астана"спорт клубының есеп шотына түскен. "Астана арланс" клубы боксшыларының табан ақы, маңдай терлері - бұл ақшаны содан бері ешкім көрмеген. Соның кесірінен былтырғы маусымды бапсыз бастаған "Астана арланс" клубы Бүкіл əлемдік бокс сериясы бойынша қола жүлдеге ғана қол жеткізді. ( Ақшасын бермей қойса, кім бокстассын?) Зілдер ауыр соққыларға тұмсықтарын төсеп жүріп тапқан ақшаларын ала алмаған "Астана арланс" боксшыларының ашпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Тіпті Елбасына хат та жазған! Еліміздің атын əлемдік спорт аренасында сан мəрте дүркіретіп шығарған атақты "Астана арланс" спорт клубының жеңіп алған жүлдесін бермей қою, не деген масқара. Бұл енді шектен шыққандық емес пе?! Бұндай қаржылық махинацияларды көрмей, финпол қайда қарап отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлт спортына жемқорлар тарапынан қауіп төнгенде неге іске араласпауда!
Журналистер, қазақ боксын ауыздарыңның суы құрып мақтай бергенше, осындай масқараларды неге жазбайсыңдар? Неге журналистік зерттеу жүргізбейсіңдер? Әлемге қазақтың атын шығарып келген спорт - ол осы бокс еді, сол спорттың болат білек оғландары еді ғой. Енді сол боксты мынандай індет жайлауда! Бұл кеселмен барлығымыз бірігіп күресейік. Жемқорлардың улы тырнағынан қазақ спортын құтқарайық! Олардың нәжіске толы сасық жемсауларына жұтылып жатқан боксшы жігіттеріміздің ақ адал еңбегін ел - жұрт болып алып берейік! Қазір осынау жемқорлық іске байланысты сот процесі басталды. Еліміздегі БАҚ құралдары, журналистер Астанада басталған сот процесін қадағалауға, көпшілікке жеткізуге, соттың əділ үкім шығаруына ықпал етуге шақырамын! Үн қосыңыздар ағайын!», - деп жазды Ерлан Төлеутай.
Sport.kz сайты жазуынша да, боксшылардың шағым түсіруінің себебі – Әлемдік деңгейде бесінші рет өткен WSB боксында «Astana Arlans-қа» AIBA $400 000 көлемінде сыйақы бөлген, алайда бұл қаражат жаттықтырушылар мен спортшылардың қолына тимеген. Мәселені тыңғылықты шешу үшін чемпиондар сотқа жүгінген екен.
Іске қатысты шағым түсіргендердің саны 24, олардың қатарында Ерік Әлжанов, Самат Башенов, Бейбіт Есжанов, Мардан Берікбаев, Жомарт Ержан, Мұхамеджан Еркін, Қайрат Ералиев, Мирас Жақыпов, Нұрдаулет Жарманов, Ержан Мұсафиров, Зәкір Сейфуллин және Мейірболат Тоитов бар. Сыйақыны Astana Arlans-қа қайтарумен қатар спортшылар әрбір шағым түсірушілерге 200 000 теңге моральдық төлем талап етіп отыр.