Қанат Ислам: ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІКШІ, БАУЫРЛАР!
2017 ж. 08 қаңтар
3472
5
Бауырлар, біз тәуелсіз елде, өзіміздің жерде, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Сол тыныштықтың қадірін білейікші, бауырлар. Мен Америкада жүргенде осы еліме қайтқанша асығамын. Америка — адам тұратын жер емес. Ол жақта адамдардың бүкіл жағдайы жасалған. Теледидардың бәрі шоу, интернет тегін, оп-оңай кредит ала бересің. Керегіңнің бәрі бар, бірақ адамдары рухани азғындап кеткен. Қазіргі кезде біреулер «Қазақстанда демократия жоқ» деп жүр ғой. Алайда нағыз демократия бізде. Америкада біздегідей кез келген адам үйінде отырып алып Президентін жамандап жаза алмайды. Ол жақта барлық нәрсені заңмен байлап тастаған. Керек десеңіз, өзіңіздің жолдас балаңыздың сәбиіне: «Ой, қандай әдемі бала!» — деп айта алмайсың. Олай айтсаңыз, сізді сотқа беруге хақысы бар. Мен жаттығатын жердің жанында мешіт бар. Сол мешіттің имамы палестиналық. Мен одан: «Сен бұл жақта не істеп жүрсің? Қайтпайсың ба еліңе?» — деп сұрасам: «Е, егер елімде тыныштық болса, төбеңнен оқ жаңбырдай жауып тұрмаса, мен мына жерде 1 минут та тұрмас едім. Елімде тыныштық болмай тұр ғой», — деп мұңаяды. Сондықтан осы тыныштықты бағалайық, бауырлар!
Қазақстаннан енді жақсы спортшылар шықпаса, қайдам?.. Себебі біздегідей спорт кешендері Американың өзінде кемде-кем. Ал Кубаның спортшылары мүлде қиын жағдайда. Кубаның Олимпиада чемпиондары бізде баяғыда мініп тастаған «Жигулилерді» мініп жүреді. Кейде Қазақстанға келгенде базардан сол «Жигулилердің» қаңқасын тиеп алып кетеді елдеріне. Ол жақта Олимпиададан ұтып келген чемпионға бір реттік 2-3 мың доллар ғана сыйақы беріледі. Оларда көлік алу түгілі күнделікті тамақ тауып жеуіңнің өзі үлкен проблема.
Бауырлар, тәуелсіз еліңнің бары қандай бақыт екенін білесіз бе? Бірде ұйғыр ұстазыммен Алматының көшелерінде келе жатқанымда, ұстазым айтты: «Әй, қазақтар тәуелсіздіктің қадірін түсінбей жүр-ау. Егер менің өзімнің тәуелсіз елім, жерім болса, сол елімнің көшесін сыпырушы болып істер едім. Мемлекеттен бір шүберек сұрамастан, үстімдегі көйлегіммен сүртер едім асфальтты». Бірде Түркістан қаласының вокзалында сол ұстазыммен бірге түстік. Вокзалда ескі көлігінен аяғын шығарып қойып, бір таксист: «Қай жерге барасыңдар, жеткізіп салайын», — деп сұрады. Сонда ұйғыр ұстазым: «Эх, шіркін, егер менің өзімнің елім болса, сол елімде есек арбамен такси болып адам тасысам, арманым болмас еді!» — деп күрсінді.
Бауырлар, бізде барлығы бар. Әр облысқа барған сайын оған көзім жетіп жатыр. 25 жылдың ішінде біздің әр облысымыз Американың 1 штаты сияқты дамып келе жатыр. Америкалықтар менен: «Сендер айдалада өмір сүресіңдер ма? Тамақ, су деген бар ма сендердің елдеріңде?» — деп сұрайды. Сонда мен телефонымдағы Астананың, Алматының және басқа да облыстардың суреттерін көрсетіп мақтанамын, сонда олар: «Шынымен осындай ма не?» — деп таң қалады.
Бауырлар, кітапты көп оқыңдар. Спортта болсын, басқа салада болсын, ең бірінші білім керек. Білімің болмаса, еш жерден жарқырап шықпайсың. Ең алғаш спортзалға барғанда ұстазымыз барлық балаларды жинап алып айтқан: «Маған сендердің чемпион болғандарың керек емес, ең бірінші кезекте адам болыңдар! Ертең чемпион болғанда адам танымай, тәкаппарланып кетсең, немесе жеңілген кезіңде сынып қалып, төмен түсіп кетсең, ең қиыны сол болады. Сондықтан бірінші кезекте адам болыңдар!» — деген сөзі әлі жадымда.