«Барыс» «Локомотивтен» оңбай ұтылды
2016 ж. 05 желтоқсан
2028
0
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» Ярославльде жергілікті «Локомотивпен» кездесіп, 1:7 есебімен ойсырай ұтылды, - деп жазады Егемен Қазақстан.
Матчтың бірінші кезеңінде айдын иелері айқын басымдыққа ие болды. Алдымен, 6-минутта Брэндон Козун қақпаны дәл көздесе, бірер минут өтер-өтпес Максим Тальбо есепті еселей түсті. Бұл тұста «Локомотив» ойыншы басымдығына ие болғанын айта кеткен жөн. Қарқынын арттырған олар 8-минутта Павел Коледовтың көмегімен үшінші шайбаны соқты. Ал 11-минутта Владислав Картаев нәтижелі соққының авторы атанды.
Ойынның екінші кезеңінде де бірқатар қауіпті шабуылдар орын алды. 27-минутта «Барыс» сапынан Иван Кучин есеп санын қысқартқан болатын. Алайда, 37-минутта Брэндон Козун бесінші шайбаны соғып кетті.
Кездесудің үшінші кезеңінде де айдын иелері қарқынын бәсеңдетпеді. 54-минутта Брэндон Козун бұл кездесудегі хет-тригін жасаса, матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Андрей Локтионов соңғы нүктесін қойды.
Бүгінде 36 ойыннан 47 ұпай жинаған астаналықтар «Шығыс» конференциясында 10-орында келеді. Келесі кездесуін 7 желтоқсан күні Екатеринбургте «Автомобилист» командасымен өткізеді.