ҚР Мәдениет және спорт министрі Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгті құттықтады
2016 ж. 07 тамыз
2938
0
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгті Рио Олимпиадасындағы жеңістерімен құтықтады. Бұл туралы Риодағы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Рио Олимпиадасының алғашқы күні Қазақстан қоржынына бір қола, бір күміс медаль түсті. Оның алғашқысын дзюдодан 48 келіде өнер көрсеткен аруымыз Галбадрах Отгонцэцэг жеңіп алса, екінші күміс медальді ерлер арасында 60 келіде ел намысын қорғаған дзюдшымыз Елдос Сметов қанжығасына байлады.
Осы жеңістерден кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі жүлдегерімізді арнайы құттықтады.
Құттықтау барысында ол Олимпиаданың бірінші күні жеңіп алған екі медальді үлкен жетістік деп бағалады.
"Біздің спортшыыларымыз Олимпиаданың бірінші күні екі медаль жеңіп алды. Бұл - үлкен жетістік. Осыдан-ақ, Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға үлкен дайындықпен келгенін байқауға болады. Елдостың финалға дейін жетуі бізге үлкен қуаныш сыйлады. Бұл - қазақ елінің қуанышы. Осындай жарқын жеңістеріңмен бізді қуантқан сіздерді шын жүрегіммен құттықтаймын", - деп атап өтті министр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстаннан Рио олимпиадасына бокстан 12 спортшы (он жігіт пен екі қыз), еркін күрестен - 5, грек-рим күресінен - 3, әйелдер күресінен - 4, тас жолдағы веложарыстан - 2, велотректен - 1, көркем гимнастикадан - 1, акробатикадан - 1,қайықта ескек есуден - 2, байдарка және каноэден - 11, кедергілер арқылы ескек есуден -1, дзюдодан - 6, жеңіл атлетикадан - 26, суға жүзуден - 3, мәнерлеп жүзуден - 2, бессайыстан -2, садақ атудан - 2, нысана көздеуден - 5, таеквондодан - 3, теннистен - 2, үстел теннисінен -1, ауыр атлетикадан - 8 және семсерлесуден - 1 адам қатысып, жалпы 104 спортшы ел намысын қорғап жатыр.