Боксшы астаналық болмағаны үшін чемпионаттан шететіле ме?
2016 ж. 16 мамыр
2761
4
19-мамыр күні Елорда төрінде бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтетінінен хабардар боларсыз. Аталған додада Рио-де-Жанейро қаласында болатын жазғы олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады.
(Назым Ищанова)
Халықаралық додаларда ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтеріп, әнұранымызды әлем алдында әуелетіп жүрген боксшы қыздарымыз аз емес. Дегенмен, олимпиадалық салмақ дәрежесінде (60 кг.-ред.) осыған дейін жастар арасында жеңімпаз атанып, көзге түсіп үлгерген Назым Ищанованың орны бөлек, әрине.
Сонымен, санаулы күннен соң, Астанада өтетін әлем чемпионатына аталған салмақта (60 кг.) ел намысын атыраулық Назым Ищанова қорғауы тиіс болған. Себебі, осыған дейін өткен ел чемпионатын жеңген Назымның әлем чемпионатына алған тікелей жолдамасы болған.
Алайда Қазақстанның бокс федерациясы Астанадағы жарысқа Назымды жібермей, оның орнына астаналық Римма Волосеньконы (Қазақстан чемпионаты 2016- күміс жүлдегері) өткізіп жіберген.
(Римма Волосенко)
Федерацияның мұндай шешімімен келіспейтін Назым, «федерация өзінің жолын кесіп, бармақ басты, көз қыстылыққа салып отыр» деп есептейді.
«Abai.kz» порталына арнайы хабарласып, көмек сұрап, Қазақстанның бокс федерациясындағы сыбайлас-жемқорлықтың салдарынан Рио Олимпиадасының жолдамасынан қағылып қалайын деп тұрғанын айтқан Назымның назына құлақ түріп көрген едік.
Назым Ищанова, боксшы:
-Ел чемпионаты былтыр қазан айында өткен болатын. Мен ол кезде 60 кг-да чемпион атандым. Негізі чемпионат жылына бір-ақ рет өткізілуі тиіс қой. Содан көп ұзамай, 6 айдан соң, ақпан айында Қазақстан чемпионатын қайта өткізді. Ол жерде де мен өз салмағымда чемпион атандым. Ел чемпионатын ұтқан адамға әлем чемпионатына тікелей жолдама беріледі ғой. Мен сөйтіп, бір емес екі рет ұтып алдым. Ал белгісіз бір себептермен, 19 мамыр күні Астанада болатын бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатына мені жібермей, Қазақстан ішінде менен екі рет жеңіліп қалған астаналық Римма Волосенконы өткізіп отыр. Бұл әділетсіздік қой. Мен өз күшіммен Римманы бір емес, екі рет жеңіп кеттім. Сонда Бокс Федерациясы қандай критерийлер бойынша Римма Волосенконы өткізіп отыр? Менің бапкерлерім де мұны түсіне алар емес.
Менің орныма өткізіп отырған Римма Волосенко деген қыз Астанадан екен. Оның спорттық дәрежесі де жоқ, сенесіз бе?.. Қарапайым спорт шеберлігіне үміткер де емес.
Дәл осы салмақта мен үш рет Әлем чемпионатына бардым. 2013 жылы Болгарияда өткен Әлем чемпионатында қола жүлде алдым. Ал 2015 жылы Қытайдың Тайпейінде өткен ӘЧ-да мен тағы да қола жүлдегер атандым. Бокстан спорт шебері деген дәрежем тағы бар.
Федерация менің жолдамамды заңсыз жолмен астаналық қызға беріп беріп жібергендіктен, сіздерге хабарласып отырмын. Мейлі, егер Римма мені таза жеңіп алатын болса, мен ештеңе демес едім. Бірақ, бір емес екі рет менен финалда ұтылып қалған ғой. Оның үстіне бұл Рио жолдамасы сарапқа салынатын маңызды жарыс. Егер мен осы жарысқа қатыспайтын болсам, бірақ бұл мен Риоға бармайды деген сөз емес. Ол үшін мен барлық жарыстарды жеңіп келдім ғой.
Бейбіт Ищанов, жеке бапкері, әкесі:
-Біз федерацияның мұндай шешімімен келіспейміз. Осы мәселеге қатысты пресс-конференция өткізгелі жатырмыз. Қазақстан боксына бей-жай қарамайтын отандастырымыз біздің Назымның спорттағы, соның ішіндегі бокстағы қарым-қабылетін жақсы біледі. Халықаралық аренада еліміздің беделін лайықты жеңістерімен өзін мойындатқан Назым қорғауы тиіс болатын. Өкінішке орай Қазақстанның бокс федерациясы қойыртпақ жасап, белгісіз себептермен (кейбір танитын кісілердің айтуынша, Римма Волосенко осы жолдаманы сатып алыпты) Назымның орнына астаналық Римма Волосенконы өткізіп отыр. Біз әділеттілікті қоғамнан іздейміз. Дәл осындай жолмен Назымның бетінен қағып, сыбайластыққа салынып отыруы өкінішті. Мына Астаны қалалық спорт басқармасының басшысы Берік Барлыбайұлы Мыржықпаев деген кісінің дайындап отырған қызы – осы Римма Волосенко. Осының алдында Мыржықпаев Қызылордадан Мария Вольнованы Астанаға әкеліп, көтерді. Тіпті олимпиада жүлдегері етті. Кейін Мария өзі ол кісіден кетіп қалды. Осыдан кейін Мыржықпаев ашуланып, дәл Мария секілді Римманы да алып шығамын деген екен. Мыржықпаевтың қандай адам екенін осы федерациядағы барлық бапкерлер жақсы біледі. Тіпті, одан сескенетіні де өтірік емес.
Негізі Римма біздің Назыммен екі рет жекпе-жекке шығып жеңіліп қалған. Федерация болса, «Назым әлі жас қой, кейін де шығады» деген сылтаулар айтып отыр. Рас, жас, кейін де шыға жатар. Бірақ, қазір болайын деп тұрған кезінде бетін қаққанымыз әділетсіздік қой.
Оның үстіне ҚБФ Назымға ұсыныс жасап, Астананың атынан шығуды айтқан. Біз бұған келіспеген едік. Біз өзіміздің жердің, Атыраудың атынан қатысып жүрміз. Назымның жолын кесіп отырған да осы болуы керек.
Біздің талабымыз біреу ғана. Жаңағы Римма деген қыз бен Назымның арасында жекпе-жек өткізейік. Және оған БАҚ өкілдері қатыссын. Сол жерде қайсы қыз жеңеді, міне сол барсын. Бұл әділетті шешім болар еді. Себебі, Астанадағы жарыста Рио олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады. Мүмкін бұл Риодағы Қазақстанның алтыны болуы мүмкін ғой.
Редакциядан: Аталған мәселе бойынша біз ҚБФ-мен байланыс орната алмадық. Алдағы уақытта Қазақстанның бокс федерациясының Назым Ищанованың базынасына қатысты пікірін жариялайтын боламыз.
Спорттық жетістіктеріне қарай бағалайтын болсақ, әрине Назым Ищанованың жолын бокс федарциясы кесіп отыр деп ашық айтуға болады. Назымның жолдамасы Римма Волосенкоға қандай жолмен берілгенін ҚБФ түсіндіруі тиіс.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz