Қазақ футболшылары клубсыз жүр

Футболдан Қазақстан біріншілігінің басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Бірақ, бүгінгі күннің өзінде кейбір футболшылар ешбір клубқа керек болмай, жұмыссыз жүр. Осы орайда Baq.kz Kazfootball.kz порталына сілтеме жасап, назарларыңызға клубсыз жүрген футболшылардың тізімін ұсынады.

Жамбыл Көкеев

1

Біркездері еліміздегі болашағынан зор үміт күттірген футболшылардың бірі былтырғы маусымды “Қайрат” сапында өткізді. Сәтті деп айтуға келмейді. Жасыл алаңға ара-тұра ғана шығып жүрді. Маусым соңында “Қайраттың” марапаттау рәсіміне де келмеген. Бейресми дереккөздің мәліметі бойынша, клуб басшыларымен сөзге келіп қалған көрінеді. Содан кейін Жамбыл “Қайрат” сапынан көрінбейді. Қазір алматылықтар Түркия жерінде оқу-жаттығу жиындарында. Бірақ, жаттығу жиындарын өткізіп жатқан футболшылардың қатарында Көкеев жоқ. Басқа клубтардың қатарынан да қазір көрінбейді. Соған қарағанда бұл футболшы әзірге клубсыз жүрген секілді.

Алмат Бекбаев

2

Алматтың былтыр жыл соңында “Ақтөбемен” келісім-шарты аяқталды. Ал, жаңа маусымдағы бірінші оқу-жаттығу жиындарын қақпашы Павлодардың “Ертіс” клубы сапында өткізді. Бірақ, жиын соңында 31 жастағы бағана күзетшісі клуб басшыларымен келісімге келе алмай қалған. Кеше “Ертіс” екінші жиындарына аттанды. Тізімде Бекбаев жоқ. Үйінде қалған екен. Бұл қақпашы әзірге клубсыз жүргендердің қатарында.

Бауыржан Джолчиев

3

Өткен маусымда “Астана” сапында жақсы өткізген жас жартылай қорғаушының клубпен келісім-шарт мезімі аяқталды. Қазір БАӘ-де жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан елордалық клубтың қатарынан көрінбейді. Отандық спорт басылымдарының мәліметі бойынша, Джолчиевқа жақын шет елдерден бірнеше ұсыныс түскен екен. Бірақ, футболшының өзі ол туралы ешқандай мәлімет бермей отыр. Қазір өздігінен жаттығу жұмыстарын өткізуде. Сондықтан, біз Бауыржанды клубсыз жүрген футболшылардың тізіміне қоса аламыз.

Мұрат Тлешев

4

Қазақ футболына еңбегі сіңген ойыншы былтырғы маусымды “Атырау” сапында өткізді. Командаға пайдасы да тиді. Бірақ, 2015 жылдың соңында Тлешевтің клубпен шартнамасы соңына жеткен. Қазір Астанада. Кей-кейде Астана қаласының біріншілігінде өнер көрсетіп, өздігінен жаттығу жұмыстарын жүргізіп жүр екен. Футболшының айтуына қарағанда, ақпан айының ортасында нақты қай клубтың қатарына қосылатыны белгілі болады екен.

Қайрат Нұрдәулетов

5

Былтырғы маусымды Қайрат Қызылорданың “Қайсар” сапында өткізгенін жақсы білесіздер. Бірақ, маусым ортасында ауыр жарақат алып, командасына көмектесе алмады. Ал, біріншілік соңында жартылай қорғаушының клубпен келісім-шарты аяқталды. Бүгінде ол жарақатын емдеп жүр. Футболшының айтуына қарағанда, сәуір айында жасыл алаңға шығуға дайын болады екен. Әзірге жұмыссыз. Бірақ, агенттері жаңа клуб іздестіруде. Нұрдаулетовтың келер маусымда қай клубта өнер көрсететіні маусым басында белігілі болуы керек. Ұлттық құрамада бірнеше жыл өнер көрсетіп, капитандық қызметті атқарған, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Қайратқа жаңа клуб табу қиынға түспесі анық.

Рақымжан Розыбакиев

6

24 жастағы бұл футболшы да әзірге жаңа клуб тапқан жоқ. Соңғы маусымды Қызылордалық “Қайсар” клубының сапында өткізген болатын. Биылғы маусымда алдымен “Ордабасы” бапкерлерінің бақылауынан өтті. Өкінішке орай, сәтсіз. Одан кейін “Ақтөбемен” оқу-жаттығу жиындарына барып, Уткульбаев мырзаның да көңілінен шықпаған екен. Қазір жаңа клуб іздестіруде.

Артем Дели

7

Былтыр “Тобыл” сапында ойнап, биыл ешкімге керексіз болып қалған футболшылардың бірі. 26-жастағы футболшы бірінші оқу-жаттығу жиындарына да ешқандай клубпен барған жоқ. Қазір өздігінен дайындалып, клуб қарастыруда.

Евгений Коструб

8

Қарағандылық “Шахтер” клубының тәжірибелі қорғаушыларының бірі өткен маусымның соңында ауыр жарақат алған болатын. Тіпті оны жасыл алаңнан жедел жәрдем көлігі алып кеткен. Сол жарақаттан футболшы енді-енді толық айығып келеді. “Шахтер” клубымен футболшының келісім-шарты аяқталған. Кеншілер келісімді ұзартуды жөн санамапты. Қазір ем қабылдап, өздігінен жаттығу жұмыстарын жүргізіп жүр. Сонымен қатар, жаңа клуб қарастыруда.

Денис Толебаев

9

Бір кездері елордалық “Астана” сапында болған қақпашы былтырғы маусымды “Ертіс” сапында өткізді. Бірақ, алаңға шықпаған. Маусым бітісімен павлодарлық команда бұл ойыншыдан бас тартқан. Спорттық ғұмырын қайда жалғастыратыны әзірге белгісіз.

Сергей Скорых

10

Петропавл футболының түлегі Сергей Скорых әзірге командасыз жүр. Қазақстан Ұлттық құрамасында жасындай жарқыраған жартылай қорғаушы соңғы жылдары өз ойынын таба алар емес. “Ордабасы” клубының оқу-жаттығу жиындарында Бақтияр Байсейітовке өзін жақсы жағынан көрсете алмады. Осы уақытта туған жерінде өз еркімен жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

 Дереккөз: BAQ.KZ