"Тобыл" футбол клубына биыл бюджеттен 2 миллиардтан астам қаржы бөлінді
2016 ж. 12 қаңтар
1830
0
Еліміздегі футбол клубтарының барлығы бірдейсол облыс әкімдерінің беделін көтеретін, абыройын асқақтататын ерекше бір құралға айналды десек, қателесе қоймаспыз. Бүкіл бұл облыстың миллиардтаған қаржысын уысында ұстап отырған әкімдер осындай футбол клубтарына жұмсалатын қаржыға келгенде ұсақтық танытпайды.
Ол қаржы бейне бір арғы атасынан мұраға қалғандай Атымтай жомартша айрықша мырзалық танытатындығын қайтерсіз. Сөйте тұра жергілікті қарадомалақтардан емес, негізінен ақша үшін тіпті мұхиттың арғы жағынан ауып келген легионерлерден ғана тұратын осы аяқ допшылардың алатын айлықтары туралы ақпаратты әскери құпиядан артық ұстайды. Жан баласына сыр ашпайды. Әрине, оның сыры да белгілі ғой. Ол ақша жайлы әңгіменің беті ашылып қалса, мына бүгінгідей таршылық заманында талай жұрттың жағасын ұстатары сөзсіз. Дегенмен, халықтан сыр жасырмайтын әкімдер де бар екен. Жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осындай бір ерлік жасады. Ол кісі ештеңеден де қысылмастан талай жыл қымтап ұстап келген құпияны жайып салды. Әкімнің айтуына қарағанда осындағы «Ақтөбе» футбол командасының легионерлері 57 мыңнан 67 мың евроға (тіпті доллар да емес) дейін ай сайын жалақы алатындығын айдай әлемге паш етті. Көршіміз Ақтөбе облысының осындай батыл қадамынан қанаттанған біздің облыстың жанкүйерлері де осындағы «Тобыл» (Қостанай жұртының бұған тілі келмегендіктен оны «Тобол» деп атайды) футбол командасындағы жағдайды білмекке ниеттенген. Журналистер облыс әкімі Архимед Мұқанбетовке дұғай сәлем жолдап, «Тоболға» жыл сайын бюджеттен қанша қаржы бөлінетіндігін, ондағы футболшылардың айлығының қаншалықты дәрежеде екендігін айтуды өтініп, сауал жолдаған. Обалы не, Архимед Бегежанұлы жауабын көп күттірген жоқ. Тек жауапты өзі емес, осындағы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Сергей Матвиенко қайтарыпты. Сірә, ол кісінің мұндай ұсақ-түйекке қолы тимеген секілді. Жарайды, жауапты кім қайтарса да бізге нәтижесі қызықты. Алайда сол нәтиже деген пәле құйрығын ұстатпай кетіпті. Сергей деген кісінің жауабы сырғытпа жауаптың ол жақ, бұл жағында. Нақты ештеңе жоқ. Облыс спортының тізгінін ұстап тұрған бұл дауазымды азамат нағыз дипломат дерсіз. Сергей айтады, «Тоболдың» былтырғы жылғы бюджеті 1,9 миллиард теңге құраса, ол биылғы жылы 2 миллиардттан асып жығылады екен. Мұның ішінде демеушілердің де қосқан қаржысы бар көрінеді. Алайда бұл кісі нақты айтқанда бюджеттен қанша ақша бөлінеді, ал демеушілердің үлесі қаншалықты екендігін талдап беруге онша ынта білдіре қоймапты. Ал футболшылардың жалақысы жайлы әңгімеден асқан ептілікпен айналдып өтеді. Жауапта нақты цифр көрсетілмейді, алайда олардың айлығы Қазақстандағы орташа көрсеткіштен аспайды екен. Тіпті біздегілер еліміздегі топ клубтағы ойыншылардан әлдеқайда аз алатын көрінеді. Айтқыш екен. Бұл кісіні спортты басқаруға емес, еліміздің қаржы министрлігін басқаруға жіберсе еліміз ештеңеден ұтылмайтын шығар. Нақты жауаптан асқан шеберлікпен айналып өтуді Досаев пен Сұлтанов осы кісіден үйренсе, артық болмас. Сонымен, біздегі «Тобол» ойыншыларының айлығы қанша? Айтуға болмайды. Өйткені...еліміздегі заңнамаға сәйкес мұндай ақпаратты беруге болмайтын көрінеді. Ол қандай заңдылық? Бюджеттен бөлінетін қаржыны құпияға айналдырған ол қандай заң-зәкөн? Бұл да тылсым дүние. Мінекей біздегі жағдай осындай. Жалпы осы «Тоболдың» футболшыларына, әсіресе легионерлерге жұмсалатын халықтың қаржысының қандай екендігін кезінде ешбір әкім—не Шүкеев, не Кулагин, не Сәдуақасов құпия сақтап айтпай кетті. Енді осы «дәстүрді» жаңа әкім — Архимед Мұқанбетовтың жалғастырып келе жатқандығы тым өкінішті.
Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай
qazaquni.kz