Б. Сапарбаев: 67 мың еуро алатын футболшылар әр ойын сайын кемінде бір голдан соғып тұру керек
2015 ж. 21 желтоқсан
12820
25
“Ақтөбе” футбол клубындағы ойыншылардың жалақысы Бердібек Сапарбаевтың жағасын ұстатты.
Бұл туралы «Қамшы» порталы diapazon.kz– ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бірнеше футболшы-легионерлердің айлық табысы облыстық футбол қауымдастығымен өткен кездесуде мәлім болды.
Бұған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көңілі толмайтынын жеткізген. Оның айтуынша, облыста жалақы қоры жалпы шығынның 77 пайызын құрайтын облыста басқа мекеме жоқ көрінеді. Бұл сомаға ойыншылар сатып алу мен іс-сапарларды қосса, клуб бюджетінің 90 пайызын еңбекақы шығындары құрайды екен.
Облыс әкімінің айтуынша, кейбір легионерлердің айлығы 57-67 мың еуро көлемінде көрінеді. Мәселен, Андерсон Сантана – 61 мың АҚШ доллары, Маркос Пиззели – 75 мың АҚШ доллары, Данило Сирино – 57 мың еуро, Данило Неско – 67 мың еуро айлық алады.
Облыс басшысы футболшылардың ойынын да сынға алды.
«Мұндай жалақы алған соң олар үздік нәтиже көрсетулері керек қой. Егер шабуылдаушы болса, әр ойын сайын бір голдан соғып тұрсын. Менің білуімше Хижниченко тоғыз ғана гол соқты. Оған біз осыншама ақша не үшін төледік? Данило Сирино бар-жоғы 2 гол соқты, Данило Неконікі 6 гол. 67 мың еуро Қазақстандағы ең жоғары жалақы деп ойлаймын», – деген Сапарбаев толықтай бюджеттен қаржыландырылатын команда шығыны туралы ойлануды тапсырды.