Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты – Қазақ үшін тарихи оқиға!
2010 ж. 12 қараша
3806
1
Барлығымыз үшін, қазақ мәдениеті мен спорт үшін тарихи оқиға Тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты өз нәресіне жетті. Чемпионатта ерлер және әйелдер арасында жеке классикалық тоғызқұмалақтан және соңғы күні шапшан ойнаудан жеңімпаздар анықталды. Әйелдер арасында екі жарыстың да Әсел Далиева Тұңғыш әлем чемпионы атанды. Ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев дүниежүзінің тұңғыш чемпионы атағ ын жеңіп алды.
Сонымен қатар Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығы жиналысы өтті. Сол жиналыстың нәтижесінде 2012 жылы Әлем чемпионаты Чехияның Пардубице қаласында өтетін болып шешім қабылданды. Ал 2011 жылы Қырғызстанда Азия біріншілігі өтеді. Жиналыста 16 мемлекеттің өкілдері Халықаралық қауымдастыққа мүше болып қабылданды. Қазақстаннан да Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығына Сенат депутаты Светлана Жалмағанбетова, Мәжіліс депутаты Құттықожа Ыдырысов, «Парасат» холдингісінің басшысы Нұралы Бектұрғанов, кәсіпкер Ізет Тілешев және белгілі спорт қайраткері Несіп Жүнісбаев енді.
Бір айта кететін жағдай, соңғы жылдары Тоғызқұмалақтың жоғары қарқынмен дамуына Туризм және спорт министрлігі, Спорт комитеті, облыстық әкімшіліктер тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көп септігін тигізіп отыр. Сонымен бірге Қазақстанның біраз іскер азаматтары да Тоғызқұмалаққа көмек көрсетіп жүр. Солардың біразы Тұңғыш әлем чемпионатының өткізуіне көмектесті. Чемпионат «Пекин Палас» қонақ үйінде өтіп, жарысқа қатысушыларға «Пекин Паластың» басшылығы бірнеше есе арзандатылған бағамен тұрақ берді. Осы мүмкіндікті пайдаланып мен демеушілерді іскерлерді Туризм және спорт министрлігіне, Спорт комитетіне шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сонымен бірге Тоғызқұмалақты насихаттауға үлес қосып жүрген «Жас қазақ үні» газетіне шын жүректен алғыс айтқым келеді.
Халықаралық және Қазақстан
Тоғызқұмалақ Қауымдастығының төрағасы
Алихан Байменов