Допингке қарсы зертхананы жабдықтау мәселесі шешілді
2015 ж. 15 желтоқсан
1769
0
Рио Олимпиадасы қарсаңында допингке қарсы зертхананы заманауи қондырғымен жабдықтау мәселесі аса өзекті болып отыр. Өйткені, зертханаға 2010 жылы қойылған қондырғы спортшыларды допингке тексеру кезінде олардың бойындағы тыйым салынған барлық препараттарды анықтай алмауы мүмкін. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жеткізгендей, бүгінде допингке қарсы зертхананы жабдықтау мәселесі шешілген, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Допингке қарсы жұмыстарды халықаралық допингке қарсы мекеме өте қатаң бақылап отыр. Риода осы мәселе бойынша көптеген сынақтар алынады. Біз қазіргі уақытта халықаралық допингке қарсы мекеменің тәртіптеріне сәйкес жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Е.Қанағатов.
Оның атап өтуінше, Қазақстандағы допингке қарсы зертхана қазіргі таңда ТМД елдеріндегі жалғыз зертхана. Ресейдегі зертхананың жұмысы уақытша тоқтатылған. Сондықтан оны жабдықтау мәселесі бүгінде аса өзекті.
«Өйткені халықаралық зертханалардағы допингке тексеретін қондырғылар жаңартылды. Сондықтан осы мәселені Ұлттық Олимпиада комитетімен бірге өткізген жиында талқыладық. Қазіргі таңда зертханаға қажет жабдықтарды алу жағы шешіліп жатыр. Қаражат мәселесі шешімін тапты. Енді қондырғыны сатып алу, алып келу қарастырылуда. Біз қазір спортшыларға да, федерацияларға да қатаң тәртіп керек екенін айтып жатырмыз. Өйткені осы іс-шараларды қабылдамасақ, ұятқа қалуымыз мүмкін. Сондықтан бұл жұмысты әлі де күшейтеміз», - деп қадап айтты Спорт істері және дене шынықтыру комитетінің төрағасы.
Бұған дейін хабарланғандай, бұл қондырғының бағасы – 200 млн теңге шамасында.
Айта кетейік, 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы 27 спорт түрінен 100-ден астам жолдама ұтып алуды көздеп отыр.
BNews.kz