Шахматтан Орталық Азия Кубогын Қазақстан құрамасы жеңіп алды
2015 ж. 30 қараша
2605
0
29 қараша күні Алматы қаласында шахматтан ФИДЕ президентінің жүлдесіне арналған IV Орталық Азия Кубогының соңғы партиясы аяқталып, турнирдің жабылу және жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Жарыс Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) мен Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
ҚШФ президенті Ғалымжан Шахмарданұлы жеңімпаздарды құттықтай келе, 5 елден 70-ке жуық шахматшының басын қосқан Орталық Азия турнирі Қазақстанда алғашқы рет және жоғарғы деңгейде өткізіліп, спортшылардың, ұйымдастырушылардың және қонақтардың көңілінен шыққанын жеткізді.
Марапаттарды табыстау рәсімін ҚШФ құрметті президенті Сәкен Сейфуллин, әлем чемпионы Флюра Хасанова, турнирдің бас қазысы және халықаралық арбитр Хусан Турдалиев, ҚШФ бірінші вице-президенті Еркін Исраилов өткізді. Марапаттарды және ақшалай сыйлықтарды Кубоктың 18 үздік спортшысы иеленді.
Үздік үштіктің құрамына жеке есеп бойынша мына спортшылар кірді:
Ринат Жұмабаев, Қазақстан – 7,5 ұпай
Фаррух Амонатов, Тәжікстан – 7,5 ұпай
Петр Костенко, Қазақстан – 7,5 ұпай
Турнирде ең жоғарғы – 47 ұпайды Қазақстан құрамасы еншіледі. Еліміздің шахматшылары алғаш рет осындай үлкен олжаға кенеліп отыр. Естеріңізге саламыз, алдыңғы жылдардағы Кубокты, осы жылы жалпы есепте 38 ұпаймен екінші орынды иеленген Өзбекстан спортшылары қанжығалаған болатын.
Шахматтан IV Орталық Азия Кубогы өз мәресіне жетсе де, Қазақстандағы шахмат додалары аяқталмай, әрі қарай жалғаса бермек. Жыл соңына дейін Қазақстанда шахматтан бірнеше маңызды турнир өтеді. Жақын арада – 6-16 желтоқсан аралығында Павлодар қаласында Pavlodar Open X халықаралық мерейтойлық турнирі өтеді.