БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ БАСТЫ НАЗАРДА
2015 ж. 03 қараша
2436
0
Оңтүстік астанада «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы мен «Тұран» бокс клубының ұйымдастыруымен әуесқой спортшылар арасында бокстан турнир болып өтті.
Бұрынғы кино үйі, қазір «CINEMABAR» деп аталатын ойын-сауық клубында өткен бұл жарысқа бокс спортының жанашырлары көптеп жиналды. Залдың тар болуына байланысты жанкүйерлердің біразына жарысты тік тұрып тамашалауға тура келді. Бұл біздің елімізде бокс спортына деген үлкен қызығушылықты көрсетсе керек. Дәстүрлі турнир осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биылғы дода Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып, бұрынғыға қарағанда ауқымы кеңірек болды.
Бокс Қазақстан Республикасында қарқынды дамып және өркендеп келе жатқан спорт түрлерінің бірі болып саналады. Әлем рингін бағындырып үлкен жетістікке жетіп жүрген Геннадий Головкин секілді кәсіби спортшыларымызды дүниежүзі біледі. Сол атақты спортшыларымызға қызыға қарап, соларға еліктеп бокспен айналысатын жастардың да саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәселе биік тұғыр мен спорттағы даңқта ғана емес, осы арқылы бұқаралық спортты дамыта отырып, адамдарымыздың мықты денсаулығын қалыптастыруда дер едік. Бүгінде жас буын өкілдерінен бастап, тіпті, егде қарттарға дейін салауатты өмір салтын берік ұстанып, бокспен шұғылданып жүргендері жетерлік. Соның бір айғағы осы турнирді атауға болады.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған жарыста 30 жұп әуесқой боксшылар бақтарын сынады. Жекпе-жекке шыққан боксышылар үш минуттық екі раунда өз өнерлерін көрсетіп, жакүйерлерін риза етті. Олардың жас шамалары мен мамандықтары да әртүрлі. Жігіттер ғана емес, бірнеше жұп қыздар да жұдырықты екендерін көрермендер алдында дәлелдеп берді. Ең жасы он сегізде болса, қырыққа таяп қалғандар да рингке шығып жас жігіттей өнер көрсетті. Бұл жарыста жеңілгендер болмады десек қателеспейміз. Турнирге қатысқан спортшылардың бәрі арнаулы медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ешкім де елеусіз қалмады.
Турнирдің құрметті қонағы ретінде еліміздің атақты былғары қолғап шеберлері, басқа да спорт түрлері бойынша Олимпиада және әлем чемпиондары, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер шақырылды.
– Біздің еліміз үшін бокс ұлттық мәртебемізді көтерген балалар мен жастарды қайсарлық пен ізгілікке тәрбиелейтін, атақ пен абыройға бөлейтін спорт екені айқын. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындары, әлем және құрлық біріншіліктерінде, әсіресе, бокстан жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сондықтан да ел ішінде боксты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Міне, өткізіліп отырған игі шара соның көрсеткіші, - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚДП «Ақ жол» фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков турнирді ашқан сөзінде.
Тағы бір атап өтерлік жағдай, бүгінде демеушісіз ауқымды шараларды өткізу кімге болсын қиындау соғары анық. Бұл турнирдің демеушісі Алматы №1 сыра зауыты екенін естігенде таң қалғанымызды жасырмаймыз. Ішімдік өнім шығарғанмен спортқа жанашыр болу, оған демеушілік жасау өзге кәсіпорындарға үлкен үлгі болар деп ойлаймыз. Жарыс соңында көрермендер «Тұран» бокс клубының жетекшісі, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы кеңесінің мүшесі Ринат Танековке осындай тамаша турнирді ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді. Бұқаралық спортты басты назарда ұстаған «Ақ жол» партиясы бұл дәстүрлі турнирді жыл сайын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Зейнолла Қабиоллаұлы
"Қазақ үні" газеті