Расул Мирзаев Арман Оспановпен жекпе-жекке шығудан бас тартты
2015 ж. 13 қазан
3761
0
Аралас жекпе-жектен ресейлік чемпион Расул Мирзаев қазақстандық Арман Оспановпен кездесе алмайтын болды, - деп хабарлайды Vesti.kz. Айта кетейік, Мирзаев 17 қазанда "Алтын Орда" турнирінде Арман Оспановқа қарсы шығу керек болған.
Мирзаевтың бұл жекпе-жектен неліктен бас тартқанын Alash Pride клубының президенті Данияр Қасқарауов айтып берді. Оның айтуынша, Eurasian Fight Nights компаниясының бас продюсері Камил Гаджиев 10 қазанда хабарласып, ресейлік спортшының жарақат алғанын, сондықтан Оспановпен жекпе-жек өткізе алмайтынын хабарлаған.
"Біз Fight Nights компаниясымен көп жылдар бойы қызметтеспіз, айтқан сөзімізде әрқашан тұрып жүрдік. Бірақ осы жолы олар бізге қиындық туғызды. Камил Гаджиев бізге "кешіріңіздер" деп жазып жіберді. Бірақ кім бұлай кешірім сұрайды? Ең болмағанда екі апта бұрын ескертулері керек еді", - дейді Қасқарауов. Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл жекпе-жек кештің басты кездесуі еді, сондықтан жарнама жасалған, адамдар күткен. "Осыған байланысты адамдар кештің басты кездесуінің болмайтынына біздің кінәлі емес екенімізді түсінгенін қалаймыз, бізге мұндай PR керек емес", - деді Alash Pride клубының президенті. Сұхбатты толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Еске сала кетейік, аралас жекпе-жектен халықаралық "Алтын Орда" турнирі Алматы қаласында 17 қазанда өтеді. Alash Pride командасының атынан Арман Оспанов, Қайрат Ахметов, Ержан Естанов, Әділ Боранбаев, Евгений Егембердиев, Ерлан Тілеумбетов, Махир Мамедов, Темірлан Айсаділов және тағы басқа спортшылар төбелеседі. Ал Арман Оспановтың кіммен күш сынасатыны таяуда белгілі болады.