«Қайрат» «Алашкертті» айқын басымдықпен жеңді
2015 ж. 17 шілде
1593
0
Еуропа лигасының екінші іріктеу раунды аясында Алматының «Қайрат» футбол командасы мен Ереванның «Алашкерт» футбол клубының кездесуі аяқталды. Аса тартысты өткен матчта алматылықтар қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ойын бастала салысымен алаң иелері, жанкүйерлердің қызу қолдауымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, үздіксіз шабуыл жасауға көшті. Ойынның 12-ші минутында оң қапталдан берілген пасты Риера Ортега игеріп үлгергенімен, армяндықтар ойын ережесін бұзды.
Нәтижесінде «Алашкерт» командасының қақпасына айып добы белгіленді. Команда капитаны Бауыржан Исламхан мүлт кеткен жоқ. Есеп 1:0. Алғашқы таймның ортасына қарай, ойын теңесті. Қарсыластар Владимир Плотниковтың қақпасын бірнеше рет нысанаға алғандарымен, доп қақпаға дарымады.
Ал, ойынның 41-ші минутында кезекті шабуыл барысында қарсыластардың айып алаңына бірінші болып енген «Қайрат» командасының шабуылшысы Жерар Гоу айып алаңында өзіне берілген пасты, өкінішке қарай, дұрыс тебе алмады. Тағы бір минуттан кейін айып алаңында бірнеше метр жерден тепкен Исаэль де Сильваның добын Геворг Каспаров қайтарып үлгерді.
Екінші таймда ойын сипаты өзгерген жоқ. Доп көп жағдайда «қайраттықтардың» бақылауында болды. Ал стадионға жиналған мыңдаған жанкүйер жерлестерін жанұшыра қолдаумен болды.
«Қайраттықтардың» бірнеше шабуылы сәтсіз аяқталды. Дегенмен, ойынның 55-ші минутында Жерар Гоудың айып алаңының орталық сызығынан дәл бағыттаған добы торда тулады. Есеп 2:0, «қайраттықтардың» пайдасында.
62-ші минутта сол капталдан берілген пасты айып алаңында Герардтың қақпаға баспен дәл бағыттаған добын Каспаров қағып үлгерді. Бірақ, көп ұзамай Қуат Исламбекті алмастырған Джордже Деспотович үшінші доптың авторы атанды. Ал «Қайрат» командасының қақпашысы Владимир Плотников бірнеше рет қарсыластардың дәл тепкен доптарын қақпаға дарытпай, жанкүйерлердің көзайымына айналды.
Екінші тайм толығымен алаң иелерінің басымдығымен өтті. Осылайша ойын 3:0 есебімен «Қайрат» командасының жеңісімен аяқталды.
Дереккөз: ИА "Казинформ"