"АЛТЫН ДОПТЫ" АЛҒАН ТҰҢҒЫШ МҰСЫЛМАН
2015 ж. 24 маусым
5395
1
Бүгін мына құрдасым Зидан мені қуып жетіп, 43-ке толыпты.
Зиданның шыққан тегі француз еместігі бүгінде елдің бәріне аян. Оның әкесі Смайыл – Алжирден Францияға қоныс аударған кәбил ұлтының өкілі. Париж маңындағы Сен-Дени қалашығына 1953 жылы көшіп келген ол сонда біраз жыл жұмыс істеген соң, елдің оңтүстігіндегі Марсель шаһарына ауысады. Осы жерде өзі секілді Алжирден ауып келген араб бойжеткені Мәликемен танысады. Кейін екеуі үйленіп, төрт ұл (Жәмел, Фаридун, Нұреддин, Зинедин) және бір қыз (Лейла) сүйеді. Аса ауқатты тұрмаса да, мейрамханада қоймашы боп істеген Смайыл ақсақалдың табысы бес баланы асырап, ішіндіріп-киіндіруге жетіп жатты.
Зидандар әулеті портты қала – Марсельдің «асфальтты джунгли» десе де жарасатын шеткі аудандарының бірінде тұрды. Зинедин кішкене кезінен футболға қызығып өсті. Таң атқаннан достарымен бірге бетон төселген ескі алаңқайда пластикалық бөтелкені доп қып теуіп, үйге қас қарая бір-ақ оралғанда, үсті-басының кір-қожалақтығы өз алдына, қатты жерге құлай-құлай аяғы жарадан көрінбей кететін. Баласының сиқын көріп, екі көзі тас төбесіне шыққан Мәлике шешей бар шаруасын тастай салып, «ауыр жараланған кішкентай жауынгерінің» жарақатын жуып-таңуға кірісетін-ді. Анасы оның ешқашан шын атын атаған емес, үнемі Язид деп еркелететін. Қазір Зинединнің зайыбы – испан қызы Вероника да (екеуінің үш баласы бар) солай атайды. Ал «Зизу» деген лақап ат оған кейін, «Канн» командасына қабылданғанда жабысты.
Зинедин бала кезінде-ақ кәнігі футболшыларға тән ойлылығымен, зеректігімен көзге түскен екен. Оған жасөспірімнің жақсы дамыған дене-тұлғасы мен допты ұршықша үйіретін техникалық шеберлігін қосыңыз. Талантты балақай ересектердің өзін соңынан салпақтатып, шыр көбелек айнала алдап, доптан еш айрылмай қояды екен. «Кейбіреулер оның ерекше қабілетіне қарап, бойы өспей қалған бозбала емес пе екен деп те күмәнданатын. Ұлымның шын жасын дәлелдеу үшін мен оның құжатын үнемі қалтама сап алып жүретінмін» дейді әкесі.
«Аула футболының кішкентай жұлдызына» алғаш назары ауған «Канн» клубының бапкері Жан Веро екен. Болашағынан үлкен үміт күттірер бозбаланың Франция чемпионатындағы тұсауын кескен де осы команда болатын. Ал 1992 жылы Зинедин «Бордоға» ауысады. Елдің үздік ұжымдарының бірінде ойнап жүріп, ұлттық құраманың жаттықтырушысы Эме Жакенің көзіне түседі. Оның құрама сапындағы алғашқы ойыны таң қаларлықтай сәтті болды. 1994 жылдың 17 тамызында француздар Бордода Чехиядан 0:2 есебімен ұтылып жатқан-ды. Алаңға екінші таймның ортасында шыққан Зидан айналдырған 6 минуттың ішінде екі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті! Екі жылдан кейін өткен Еуропа чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтқан Жаке: «Зинедин көп ұзамай француз футболының көшбасшысына айналады», – деп болжаған екен. Кәнігі бапкер қателеспепті.
1998 жылғы әлем чемпионатының финалы Зиданның бенефисіне айналды. Бұрыштамадан берілген допты екі рет баспен ұрып торға түсірген ол ең қиын сәттерде ойын тағдырын ұлы футболшылардың шешетінін дәлелдеді. 2000 жылы ол бастаған «үшжолақтылар» Еуропа чемпионы атанды. 2006 жылғы дүниежүзілік доп додасында да Зинедин алтын жүлде үшін аянбай айқасты. Алайда, ақтық бәсекесінің ақырғы сәттерінде (дәлірек айтсақ, 110-минутында) италиялық Марко Матерацциді басымен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алған ол алаңнан қуылды. Әншейінде жер қозғалса да қозғалмастай көрінетін біртоға жігітті мұндай, сыпайылап айтқанда, тосын әрекетке не итермелегені түсініксіз. Баспасөз аталмыш көріністің сан-сапалақ себептерін мың құбылтып, құйқылжытып жазды. Мәселен, Бразилияның «O Globo» телекомпаниясына тиесілі «Fantastico» бағдарламасының ерін қимылдарын оқу мамандары «Матерацци Зиданның қарындасын екі рет былапыт сөзбен балағаттаған» деп шешті. «Қарсыласы қандай сай-сүйегін сырқыратар сөз айтса да, ол шыдауы керек еді, енді, міне, командасын да жерге қаратты, дүйім дүние алдында өзі де масқара болды» деушілер де, «Ол дұрыс істеді, кейде намысыңды осылай қара күшпен қорғауға тура келетін жайттар болады» деп алақанын ысқылаушылар да болды. Қалай десек те, бізге оның не себепті ұстамсыздық танытқаны маңызды да, өкінішті де емес. Біз үшін, нағыз ойынның нағыз тілеулестері үшін оның жасыл алаңмен осылай қоштастқаны өкінішті еді...
Зинедин Зидан – Еуропаның (кейінгі 20 жылда – әлемнің) үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін иеленген, әлем және Еуропа чемпионы атанған тұңғыш мұсылман футболшы. Ол футбол тарихындағы ең көрнекті ойыншылардың қатарына еніп, өзіндік із қалдырған тұлға.
Сәкен Сыбанбай, Фейсбук парақшадан
qazaquni.kz