Қанат Ислам: Головкин екеумізге де қазақ елінің намысы қымбат

Колумбияның Баранкильеде қаласында кезекті жеңісіне жеткен Қанат Ислам Головкин жайлы өз ойын білдіріп, онымен рингте кездесуіміз мүмкін емес екенін де жеткізді деп хабарлайды Bnews.kz.

WBA Fedelation белбеуінің иегері Қанат Ислам 31 жастағы колумбиялық Орландо Де Хесус Эстрадамен кездесіп, WBA Fedecaribe тұжырымының чемпионы атағын қорғап қалды. “Қандай жарысқа болсын, тек чемпион боламын деп дайындаламыз. Екі ай уақытым тек қана осы 19-шы кездесуге кетті. Сол дайындық нәтижесіз болмады. Ендігі кездесуді АҚШ-та өткізу жоспарда бар. Ол жақтан екі келісімшарт келді. Көмекші заңгерлерім осы тұрғыда жұмыс істеп жатыр. Қарсыласым алдағы аптады анықталады”,- деді Қанат Ислам “Таңшолпан” бағдарламасында берген сұхбатында.

Рингке әр шыққан сайын, сондай көңіл-күймен шығамын. Өйткені, соңымда халық қарап отыр, қарсылас та жеңілемін деп келмейді

“Бала кезімде алдымдағы ағаларымнан “Мен қалай тез жеңіске жетемін?”, – деп сұрайтын едім. Сонда олар: “Сен қазақтың батырлар жырын оқы, олардың әр шайқас алдында қалай дайындалатынына назар аудар”, – дейтін. Маған қарсыласымды қалай ұрып, қандай техника қолдануды емес, осындай кеңес беретін. Қарап отырсам, бұл адамға жігер береді екен. Бүгінде рингке әр шыққан сайын, сондай көңіл-күймен шығамын. Өйткені, соңымда халық қарап отыр, қарсылас та жеңілемін деп келмейді. Сондықтан, барыңды саласың”, – деді ол. Кейіндері әлеуметтік желілерде қазақтың намысын қорғап жүрген екі батыр Қанат Ислам мен Геннадий Головкин рингте кездеседі деген әңгіме тарап жүр. Осы турасында боксшы: “Гена – мықты жігіт. Оны өмірде де, спортта да қатты сыйлаймын. Екеуміздің салмақтарымыз жақын, мен 70 келіде шықсам, ол 72 келі салмақта шығады. Бірақ, екеуміздің арманымыз екі басқа. Екеуміз де қазақпыз, Қазақ елінің намысын қорғаймыз, екеумізге де Қазақ елінің намысы қымбат, екеуміздің да мақсат етіп жүрген қарсыластарымыз бар. Біздің рингте кездесуіміз мүмкін емес. Себебі, әркімнің өзінің қарсыластары жетіп артылады. Менің ойымша, екі қазақты таластырып қажет емес”, – дейді Ислам.