Мюррей: Головкиннен масқара болып жеңілгенімді мойындаймын
2015 ж. 24 ақпан
1558
0
Сенбі күні қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен (32-0, 29 КО) жекпе-жек өткізген британиялық Мартин Мюррей (29-2-1, 12 КО) бұл кездесудің оған өте ауыр болғанын мойындады, деп хабарлайды Bnews.kz.
Мюррей Головкинге дейін ұпай санымен аргентиналық боксшы Серхио Мартинестен ғана жеңілген еді. Ал бұл жолы ол Головкиннен мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен жеңіліп отыр. Мюррейдің айтуынша, ол кәсіби карьерасында алғаш рет нокдаунға түсіпті.
"Осы жекпе-жекке дайындалу үшін отбасымды тастап, Оңтүстік Африкаға кеткен едім. Бірталай уақытымды жаттығу жұмыстарына арнадым. Қолымнан келгенін жасап бақтым, алайда, Головкин түкке шамамды келтірмеді. Ол расында өте адуынды қарсылас екенін дәлелдеді. Өмірімде нокдаунға түсіп көрмеген адам едім, осы жолы кәдімгідей таяқ жедім. Масқара болып жеңілгенімді мойындаймын. Төреші жекпе-жекті тоқтатқан уақытта әлі де бойымда күшім бар болатын. Алайда бапкерім көп соққы жіберіп алғандықтан, кезекті рет құлауға шақ қалғанымды айтты", - дейді Мюррей.
Мұның алдында басылымдардың біріне берген сұхбатында Головкиннен жеңілгені үшін көңілі түскенін жасырмаған еді. Алайда уақыт өте келе, "орта салмақтағы ең мықты боксшыға абыроймен қарсылық көрсете білдім" деп өзін жұбатумен келеді.