Бақыт Сәрсекбаев пен бапкері арасындағы пәтер дауы аяқталды
2014 ж. 20 қараша
3782
1
Бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев пен оның бапкері Кәрім Махмудовтың Астанадағы пәтерге таласы аяқталды.
Екеуі аталған баспанаға байланысты бірнеше сот инстанциясынан өткен болатын. Кеше Жоғарғы сот бұл іске соңғы нүктені қойып, пәтерді Махмудовтың иелігінде қалдырды деп жазады "Время" газеті.
Даудың басы Бейжің Олимпиадасынан кейін басталды. Елге үлкен жеңіспен оралған Сәрсекбаевқа демеушілері бір емес төрт бірдей пәтердің кілтін ұстатқан. Ал оны осынау үлкен жарысқа дайындаған бапкері болса елеусіз қалыпты.
Сол сәтте Бақыт жаттықтырушысына төрт пәтердің бірін сыйға берген болатын. Дегенмен, араға бес жыл салып спортшы бапкерінен баспананы кері қайтаруын талап етті.
Осылай басталған дауды Жоғарғы сот шешіп берді. Алғашында Астанадағы аудандық соттың шешімі істі Махмудовтың пайдасына шешкен болатын. Алайда, кассациялық сотта Сәрсекбаев жеңіп шықты.
Мұнан кейін тараптар амалсыз Жоғарғы соттың құзырына жүгінген. Жоғарғы сот пәтерді Бақыттың бапкері Кәрім Махмудовтың еншісінде қалдырды.