Геннадий Головкин мен кіші Чавес 2015 жылы жұдырықтасуы мүмкін
2014 ж. 20 қазан
2804
0
Геннадий Головкин кіші Хулио Сезар Чавеспен 2015 жылдың 19 шілдесінде жұдырықтасуы мүмкін. Vesti.kz спорт порталының хабарлауынша, бұл туралы қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер айтты.
"Біз бұл жекпе-жек туралы ұсынысты қабылдауға дайынбыз. Мүмкін Головкин мен кіші Чавес арасындағы кездесу 19 шілдеге белгіленген шара барысында өтуі мүмкін. Егер бұл кездесу өтетін болса, онда ол Головкиннің pay-per-view жүйесі бойынша таратылатын алғашқы жекпе-жегі болады", - дейді Том Леффлер. Геннадий Головкин туралы өзге жаңалықтарды мына жерден оқи аласыздар.
Еске салайық, 19 қазан күні американың Карсон қаласында Геннадий Головкин мексикалық Марк Антонио Рубиоға қарсы шыққан еді. Бұл жекпе-жекте 32 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері 34 жастағы Рубионы кездесудің екінші раундында нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті. Осылайша Головкин кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы жеңістер санын 31-ге жеткізіп, P4P рейтингінде жоғары көтерілді. Өзінің 31-жекпе-жегі үшін Головкин спорттық мансабындағы ең көп сыйақы - 900 мың доллар алды. Бұл жекпе-жектен кейін Леффлер 2015 жылы Головкин төрт кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
tengrinews.kz