Боксшы Қанат Исламның жеке сайты ашылады
2014 ж. 29 тамыз
3033
2
Кәсіпқой боксшы Қанат Исламның жанкүйерлері сүйікті спортшысы туралы тың деректерді жаңа сайттан білетін болады. Жаңа ақпараттық ресурсты жасауды журналист Берік Сұлтан мен бағдарламашы Сағын Үсенұлы қолға алды, - деп хабарлайды Қазақпарат.
Сайтта боксшының жекпе-жегінен кәсіби фото, видеоақпарат, келесі ұрыс қашан және кіммен өтетіні жайлы мағлұмат қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дер кезінде жарияланатын болады.
«Бүгінде Қанаттың жекпе-жегін көре алмай сусап жүрген жанкүйерлер көп. Мәселен менің өзім қашан кіммен жұдырықтасатынын білмеймін, екі күннен соң осы әлеуметтік желі арқылы біліп отырамыз. Сапалы сурет, бейнеақпарат та аз. Сондықтан, оны жұртшылыққа кеңінен насихаттау қажеттігі туып отыр. Бұл жөнінде Қанаттың өзімен, промоутері Нельсон Лопеспен сөйлестік. Олар ісімізді құптады. Қанаттың әр кездесуінде олармен тікелей байланыста боламыз. Ақпаратты промоутер Нельсон Лопес жіберіп отырады деп келістік. Сайт оперативті жұмыс істейтін болады. Америкада жекпе-жек күндіз өтсе, бізде түн болады ғой. Соған қарамастан, түнде келген ақпаратты түнде салатын боламыз», - деді журналист Берік Сұлтан.
Бір айта кетерлігі, сайт жасаушылар жас спортшының Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал болуын мақсат тұтады. «Kanatislam.com сайтын ашудағы мақсат кz домені емес, com-ды таңдауымыз Қанаттың жетістігіне тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем куә болсын деген ойдан туды. Қазақтың Қанатын әлемге насихаттауда тамшыдай болсын үлесімізді қосуға тырысып, қолымыздан келгенді жасап жатырмыз», - деді Б.Сұлтан.
Осы орайда, боксшының «Қазақ спорты» газетіне берген сұхбатынан үзінді келтіре кеткенді жөн санадық. «Қазаққа деген менің өкпем жоқ. Керісінше, мен қазақ халқының алдында қарыздармын. Елге келгенде «Олимпиадаға барамын, егер болмаса, кәсіпқой боксқа барып қазақтың атын шығарамын» деп өзіме-өзім серт бергенмін. Мен қазір кәсіпқой боксқа кеттім. Бұл жерде мен жеке басымның мәселесін күйттеп кеткен жоқпын. Арманым - АҚШ-та жүріп, қазақтың атын шығару. Қазақ ұлтының мықтылығын бүкіл әлемге паш етсем, арманымның орындалғаны. Кәсіпқой бокста да қазақтың әнұранын шырқатып, көк туын желбіретуге болады», - деді Қанат.
Қазақтың батыр ұлы Қанат Ислам 1984 жылы 13 қыркүйекте дүниеге келді. Ол әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы. 2010 жылы азаматтығын ауыстырып, атамекені Қазақстанға көшіп келіп «Астана Арландары» кәсіби клубының мүшесі болып 2012 жылға дейін өнер көрсеткен. Қазір кәсіпқой боксшы, «Нельсон» промоутерлік клубы атынан шаршы алаңға шығып жүр! 29 жасар боксшының сұрапыл соққысы Американы мойындатып келеді. 2012 жылы кәсіпқой боксқа ауысқалы бері Қанат 18 кездесу өткізіп, оның 15-інде жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған.