Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы анықталды
2014 ж. 20 тамыз
2125
1
WBA (Super) және IBO тұжырымдарында орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін WBC тұжырымындағы уақытша чемпион мексикалық Марко Антонио Рубиоға қарсы өткізеді.
Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды. Жекпе-жек 18 қазанда Карсондағы (Лос-Анджелес, Калифорния штаты) StubHub Center аренасында өтеді. Кездесуді HBO телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.
Бұл 32 жастағы қазақстандық боксшының кәсіби бокстағы 31-кездесуі болмақ. Биыл жыл басынан бері отандасымыз қос қарсыласы – ганалық Осуману Адаманы (1 ақпан, Монте-Карло, Монако) және австралиялық Дэниэл Гилді (27 шілде, Нью-Йорк, АҚШ) нокаутпен жеңген болатын. Мексикалық боксшы Марко Антонио Рубио бүгінге дейін кәсіби бокста 66 жекпе-жек өткізіп, оның 59-ында жеңіске жеткен (51 нокаут), ал 6-ында жеңілген.
Соңғы кездесуін 2014 жылдың 5 сәуірінде Мексикада 33 жастағы италиялық боксшы Доменико Спадқа қарсы өткізген. Осы жеңісінің арқасында Рубио WBC тұжырымындағы уақытша чемпион атағын жеңіп алды.