Нанкин олимпиадасында еліміздің туын кім ұстап шығатыны белгілі болды
2014 ж. 13 тамыз
1895
0
16-28 тамыз аралығында Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада ойындарында еліміздің туын боксшы Абылайхан Жүсіпов ұстап шығады, деп жазады 24.kz.
Абылайхан Жүсіпов 1997 жылдың 10 қаңтарында Қарағанды облысы Абай ауданында дүниеге келген. Ол 8 жасынан бокспен айналысады. Абай Құнанбайұлы атындағы №5 гимназия мектебінің түлегі.
2013 жылы Қарағанды қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде алтыннан алқа тақса, сол жылы Азия (Шымкент қаласында өткен) және әлем чемпионатында (Киев) 57 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.
Ал 2014 жылы Германияда ұйымдастырылған Бранденбург кубогінде «А» дәрежесі бойынша жеңімпаз атанады.
Сонымен қатар Бангкокте жастар арасында өткен Азия біріншілігінде 60 келі салмақта 1-орын иеленіп, «Азияның ең үздік боксшысы» атағын алды. Ал сәуір айында әлем чемпионатында (София) барлық қарсыласынан басым түсіп, ел тарихында әлемнің екі дүркін чемпионы атанды.
Сондай-ақ ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Абылайхан Жүсіповке «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын берді.
Қазақпарат