Канадалық шахматшы қыз танымалдылығы жағынан Сабинаны басып озуы мүмкін
2014 ж. 12 тамыз
2484
0
Канадалық шахматшы қыз Александра Ботез әлеуметтік желілердегі танымалдылығы жағынан қазақстандық волейболшы қыз Сабина Алтынбекованың өкшесін басып келеді деп хабарлайды BNews.kz.
Осыдан екі апта бұрын әлеуметтік желілер мен әлемдік БАҚ-ты 17 жасар қазақстандық волейболшы қыз Сабина Алтынбекова өзінің табиғи сұлулығымен жаулап алған болатын. Енді фанаттардың фантазиясына жаңа спортшы қыз – шахмат ханшайымы Александра Ботез айналған тәрізді. Қалыптасқан қағида бойынша, шахмат ойнайтындардың қабағы қатулы, елге қалың көзілдірік әйегінің арғы жағынан қарайтын, мінезі ауырлау болып келеді. Әрине, аталмыш спорт өкілдерін суреттеуде сәл артық кетуімізде мүмкін, бірақ кәсіби деңгейдегі шахматшылар арасынан сымбаты көз шалыстырар сұлу аруларды жиі кезіктіре бермейтініміз анық. Десек те, ақылы көркіне сай канадалық студент қыз Александра Ботез шахматшыларға қатысты қалыптасқан барлық стереотипті бұзды десе болады. Енді спорт сүйер қауым арасында кім сұлу: Александра ма, Сабина ма? – деген орынды сұрақ туындағанға ұқсайды. Шахмат – кез келгеннің санасына бағына бермейтін спорт түрі. Сол себепті де оған кім-көрінген бойлай бермейді. Ал Канададан шыққан Александра Ботез шахматты жан тәнімен жақсы көріп, оған қоғамның назарын барынша көбірек аудартсам деп армандайды екен. Осы мақсатта сәтті қолданып жүрген амалы – оның көркі. Александраның ең сексуалды шахматшы қыз екені даусыз. Әлемдік жарыстарда өз елінің намысын қорғай барғанда көпшіліктің назарына бірден ілігетіні де содан. Жас қыз жарыстардан тыс уақытын зая кетірмей, сүйікті спортының мәртебесін еселеу үшін шахмат үйрететін онлайн-сабақтар беретін көрінеді. Таяуда ол II UNAM шахмат фестиваліне қатысып, Техас технологиялық университетінің 40 мың доллар көлеміндегі стипендиясын жеңіп алды. Александра 6 жасынан шахматқа үйір болған, бұл спорт түріне деген қызығушылығын әкесі оятқан екен. Жас канадалық қыз шахмат бойынша әлем рейтингінде 879 орында, өз елінде үшінші орында. Ал оның сұлулығы танымалдылығын тек еселеп отырғаны сөзсіз.