Сабина Алтынбекова: Бренд болуға қарсы емеспін!
2014 ж. 02 тамыз
5384
4
Қазақстандық жас волейболшы Сабина Алтынбекованың Instagram-дағы достарының саны 250 мыңнан асып жығылды. Ол танымалдылығы жағынан Мақпал Исабекова, Баян Есентаева сынды атақты тұлғалардан да асып түсті, деп жазады BNews.kz Forbes.kz сайтына сілтеме жасап.
17 жасар спортшы қыз ең алдымен өзінің табиғи сұлу сымбатымен 19 жасқа дейінгі волейболшылар арасындағы Азия чемпионатында қытай жұртшылығын тәнті еткен болатын. Одан кейін оның танымалдылығы құрлық асып, АҚШ-қа да жетті. Қазақ қызына деген әлемнің қызығушылығы оның келбетінің аниме кейіпкерлеріне ұқсастығынан туындапты.
Осыдан кейін Сабина туралы отандық БАҚ-тар да жарыса жазуға кірісті. Аяқ асты күмп ете қалған атаққа қыздың өзі аң-таң. Дегенмен, мұндай танымалдылықты қалт жібермеу керек деп есептейтіндер де бар. Әсіресе, отандық брендті танытуда бұл таптырмайтын мүмкіндік деп есептейді Алексей Банцикин есімді журналист.
Ол бірде өзінің Facebook парақшасында отандық бизнесмендерге мынандай ой тастады: "Құрметті бизнес-қауымдастық өкілдері! Сіздердің алдарыңызда нағыз бренд тұр ғой! Әрі әлемге танылып үлгерген! Осы іс арқылы косметика желісін, дұрыс тамақтану бойынша дәмханалар желісін ашып, бірегей спорт киімдерінің өндірісін іске қосуға болады. Жігіттер, қайдасыңдар!".
Осы мәселе бойынша басты кейіпкердің өзімен тілдескен Forbes.kz тілшілері оның отандық бренд болуға қалай қарайтынын біліп көрді. Бұл сұраққа биязы қыз: "Бапкерім келіссе, бренд болуға қарсы емеспін", - деп жауап берді.
Оның айтуынша, осындай ұсыныспен бапкеріне шыққан адамдар бар екен. Алайда кім және қандай ұсыныс жасағанынан ол бейхабар. Сабинаның өзі спорттық киімдерді жарнамалау жанына жақын екенін жасырмады.
Әзірге, бизнестегі азаматтар отандық бренд туралы ойластырғанша, төбеден топ ете түскен танымалдылық Сабина ойнайтын командаға салқынын тигізгені болмаса, пайда әкеліп жатқан жоқ.
Vesti.kz сайтына берген сұхбатында оны спортшы қыздың бапкері де жайып салған болатын.
"Сабинаның аяқ асты танымалдылығы командадағы жағдайды тым шиелендіре түсті", - деп мәлім еткен еді бапкер Нұрлан Садықов.