Олимпиада чемпиондарына пәтерді көзбояу үшін сыйлаған!..
2014 ж. 24 шілде
2650
3
Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген олимпиада чемпиондарына Алматы облысы әкімдігі көзбояушлық үшін ғана пәтер сыйлаған секілді. Қазақстандағы әлем чемпиондарына 5 жыл бұрын берілген пәтерлер шын мәнінде оларға тиесілі емес екен.
Спортшылар Талдықорған қаласынан берілген баспаналарды аттарына аудара алмай жүр. Жұртқа жар салып сыйланған баспаналар тек қызметтік пәтер болып шықты. Чемпиондар үйсіз қалатын болдық деп алаңдаулы.
Еске сала кетсек, Әлем чемпионатында ауыр атлетикадан 4 алтын алып, қазақстандық ауыр атлетшілер нағыз сенсация жасады. Светлана Подобедова, Владимир Седов, Зульфия Чиншанло мен Майя Манезаны содан бері бүкіл ел біледі. Олардың арқасында көк байрағымыз бірнеше рет Лондон Олимпадасының көгінде көтерілді.
Жеңіспен оралған спортшылардың әрқайсысына Алматы облысының бұрыңғы әкімі Серік Үмбетов пәтер кілтін табыстаған болатын. Бірақ араға 5 жыл салып бұл тек құр кілт екені белгілі болды.
"Салтанатты түрде кілт табыстап, "бұл енді сіздің пәтеріңіз" деп алаңда тұрып құттықтаған. Қазір бұл пәтердің жеке емес, тек қызметтік пәтер екені анықталды. Бізге "бұл пәтер сізге тиесілі емес деді", - дейді Светлана Подобедова.Қазір спортшылар Алматыда өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде. Баспана мәселесімен айналысуға уақыттары жоқ. Ал Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басышысы бұл жағдайды телефон арқылы түсіндірмек болды.
Ал аймақ шенеуніктері заң бойынша пәтерлер жекеменшікке берілмейтінін айтып ақталды.
Бірақ даудың спортшылар пайдасына шешілуі екіталай. Шенеуніктің жауабы спортшылардың көңілін көншітпейді. "Біз медаль аламыз деп берген уәделерімізді бір емес бірнеше рет орындадық, ал неге бізге берілген уәдені ешкім орындамайды"- дейді.