Футбол фанаттары Неймарды жарақаттағанды жазаламақ
2014 ж. 07 шілде
1705
0
Футболдан әлем чемпионатының 1/4 финалында Бразилия мен Колумбия құрама командаларының ойынында алаң иелерінің шабуылшысы Неймар омыртқасынан ауыр жарақаттанғаны белгілі.
Сол себептен ол әлемдік додадағы алдағы ойындарға қатыса алмайтын болды. Осыған ашуланған футболшының жанкүйерлері Неймарды жарақаттаған колумбиялық Суньигаға тезірек елден кетуді талап етіп жатыр, деп жазады "Советский спорт" сайты.
Twitter әлеуметтік желісінде футбол фанаттарының колумбиялықты қарғап-сілегені өз алдына, тіпті әуежайда өлтіріп кететіндіктерін жазып, қорқытып отыр. Мұны әдейі қастандықпен жасамағанын айтып ақталған Суньига: "Мен тек, өз елімнің абыройын қорғадым", - деді.
Сонымен қатар, бүгінгі күні Халықаралық футбол федерациясына шағымданып, Суньиганы жазалауды сұраушылардың қатары көбейген.
Дәрігерлердің медициналық қорытындысы бойынша, Неймардың омыртқасына ота жасалмайды. Оның жарасы шамамен төрт аптада жазылып, денсаулығы қалпына келеді.