Геннадий Головкин Мұхаммед Әлидің орнын баса ала ма?
2014 ж. 21 маусым
1325
0
Геннадий Головкин Мұхаммед Әлидің жетістіктерін қайталап, бокс тарихында өшпес із қалдыруға күші жетеді. Қазақстандық боксшының бапкері Абель Санчес тілшілерге берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайдыFightnews.ru.
"Мұны мен негізсіз айтып отырған жоқпын. Геннадиді жақттықтыруды қолға алғаннан кейін үш ай өткенде тақтаға 1-ден 12-ге дейінгі сандарды жазып, әрқайсысының тұсына бокс тарихында өзіндік орны бар ұлы боксшылардың есімдерін жазып шықтым. Бірінші орынға Мұхаммед Әлидің есімін жаздым, екінші орынды бос қалдырдым, одан кейінгі орындарға сол кездегі танымал қос боксшы Мейвезер мен Пакьяоны жаздым. Сөйтіп, Геннадиге "Егер үш жыл менің қолымда үздіксіз жаттығатын болсаң, мына екінші орынға жайғасасың. Сен әлемде орта салмақтағы ең үздік боксшы атанасың, саған қарсылас шақ келмейді әлі-ақ" деп айтқан болатынмын", - дейді А.Санчес.
Қазір Геннадий Головкин WBA дәрежесіндегі суперчемпион. Сонымен қатар, отандасымыздың қазіргі басты проблемасы – өзіне шақ келер қарсылас табу болып отыр. Бүкіл әлем ұзақ уақыттан бері Головкин мен аргентиналық боксшы Серхио Мартинестің арасындағы жекпе-жекті сарыла күтіп жүрген болатын.
Алайда, жуырда ғана Мартинес Мигель Коттодан жеңілгеннен кейін, жерлесімізбен кездесу бақыты оған бұйырмайтын түрі бар. Мұны бокс сарапшылары да айтып отыр.
Естеріңізге саламыз, Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 2014 жылдың 26 шілдесінде Дэниэл Гилге қарсы өткізеді. Ал қазақстандықтар бұл кездесуді 27 шілде күні таңертең KazSport телеарнасынан тамашалай алады.
Тартысқа толы айқас Нью-Йорктегі 20 мың орындық әйгілі Madison Square Garden аренасында өтеді, жекпе-жекті НВО телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді деп жазады BNews.kz.