"Қайсар" қайран қалдырды
2014 ж. 25 мамыр
1927
0
Футболдан Қазақстан премьер-лигасында он үшінші турдың ойындары өтті. Көш басындағы "Ақтөбе" ең соңғы орындағы "Спартакты" әзер ұтты, ал "Қайсар" қарқынын үдете түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ел біріншілігінің басы мен соңындағы командалардың кездесуі соншалықты тартысты болады деп, ешкім де ойлаған жоқ шығар. Бірақ өткен маусымдағы ел чемпионы премьер-лигаға биыл қосылған аутсайдер команданы әзер ұтты.
Бәлкім, осыдан бірер күн бұрын ғана "Спартактың" бас бапкері болып тағайындалған Алексей Петрушин Семей клубы футболшыларын жігерлендіре алды ма екен?
"Қайсар" өз алаңында "Астананы" ұтып, футбол жанкүйерлерін қайран қалдырды. Ойын өрнегі үйлеспей жүрген "Астана" клубын ұтқанымен емес, ел чемпионатында екінші орынға шыққанымен!
Кейінгі турларда алға басқан қадамы кейін тартқан "Шахтер" өз алаңында "Таразды" тізе бүктірді. Бірақ кеншілер клубы тараздықтарды әупіріммен ұтты.
"Ордабасы" да Шымкентте "Қайратты" бір доп айырмасымен ұтып, қоржынына үш ұпай салды. Қызық болғанда, жалқы голдың өзін өздері соға алмады. Қонақтарының қорғаушысы жаза басып, бір айға жуық уақыттай жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан шымкенттіктер жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
"Жетісу" да сәуірдің аяғынан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан. Бұл жолы тағы ұтылды. Өз алаңында ойынын мандымай жүрген "Тобылға" да есе жіберіп алып, салы суға кетті. "Атырау" да өз алаңында "Ертіске" есе жіберіп алып, жанкүйерлерін жасытты.
Сонымен, Семейден үш ұпай еншілеген "Ақтөбе" сол баяғысынша 32 ұпаймен ел чемпионатында көш бастап келеді. "Қайсар" 24 ұпаймен екінші орынға көтерілді. "Шахтер" бәсекелестерін қуып жетіп, 23 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. "Астана" 22 ұпаймен төртінші орынға ығысты. "Қайрат" 20 ұпаймен бесінші орында тұр да, "Ордабасы" 18 ұпаймен алтыншы орынға жоғарылады.
"Ертіс" пен "Атырау" 17 ұпаймен 7-8 орындарды бөлісіп тұр. "Тобыл" 16 ұпаймен тоғызыншы орынға орналасты. "Жетісу" 13 ұпаймен 10-орынға сырғыды. "Тараз" 11 ұпаймен 11-орыннан, ал "Спартак" үш ұпаймен 12-орыннан қозғала алар емес, әлі.
Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. ХІІІ тур.
"Спартак" (Семей) – "Ақтөбе" – 0:1 Гол: Пиззелли, 68.
"Шахтёр" (Қарағанды) – "Тараз" – 1:0 Гол: Топчагич, 90.
"Қайсар" (Қызылорда) – "Астана" – 1:0 Гол: Дмитренко, 7-өз қақпасына.
"Ордабасы" (Шымкент) – "Қайрат" (Алматы) – 1:0 Гол: Бакаев, 84-өз қақпасына.
"Жетісу" (Талдықорған) – "Тобыл" (Қостанай) – 1:2 Голдар: Шимкович, 35 (0:1). Бугаев, 54 (0:2). Демель, 65 (1:2).
"Атырау" –"Ертіс" (Павлодар) – 0:1 Гол: Дудченко, 37.
tengrinews.kz