Сочи олимпиадасының алғашқы жүлдесін Денис Тен әкелді
2014 ж. 17 ақпан
3471
1
20-жасар қазақстандық мәнерлеп сырғанаудан Сочиде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Сочидегi қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медальді жеңiп алды.
Қысқа бағдарламада 84,06 ұпаймен тоғызыншы орынға ие болған Денис еркiн бағдарламада 171,04 ұпай жинап, жалпы есепте 255,10 ұпаймен үшiншi орынға ие болды.
Бiрiншi орын жапондық спортшы Юдзуру Ханюға (280,09) бұйырса, күмiс жүлде канадалық Патрик Чанның (275,69) еншiсiнде кеттi.
20 жастағы Тен 2013 жылғы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 7-ші қысқы Азия ойындарының чемпионы, ISU қамқоршылығымен өткен әртүрлі халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.
Сондай-ақ, жас спортшы Қазақстанның үш мәрте чемпионы болды, ол - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, "Астана" кәсіби Президенттік Клубының мүшесі.
Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен жарыстағы өзінің нәтижесіне көңілі толатынын мәлімдеді.
"Олимпиада ойындары шынымен де ең оңтайлы түрде қалыптасты. Менің ойымша, бұл жақсы нәтиже және үлкен табыс. Осы медаль ең алдымен біздің елдің жетістігі. Бұл тұрғыда Қазақстан тарихына өз үлесімді қосуға қауқарлы болғаныма өте қуаныштымын", - деді Денис Тен Сочиде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол өз сөзінде көрсеткен қолдауы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне алғысын білдірді.
"Мен тек осы сайыс барысында ғана соңғы бірнеше жылдың ішінде қандай елеулі ілгерілеушілік болғанын түсіндім. Атап айтқанда спортшылар арасындағы тартыстың деңгейі айтарлықтай жоғарылап, мәнерлеп сырғанаудың деңгейі көтерілген", - деп түйді спортшы.
Сондай-ақ, Денис Тен үшінші орынға 11 адам таласқанын, осы орайда олардан оза түскеніне өте қуанышты екенін айта кетті.
nur.kz